Қазақтың шежіресі өмірден өтті…

Сәуір басында 92-ден 93-ке қараған шағында Жағда қарт Бабалық дүниеден озды. Мен ол кісімен жеке жүздескен жан емеспін. Бірақ мақала, сұқбаттарын оқып тұратынмын. Қазақтың этнографиясы дәстүрі мен салты, төрт  түлік малы мен тілінің шұрайын өте кең білетін тірі энциклопедия туралы көп естігем.

Өмірге келген жанның өтері бар. Қамшының сабы. Кірпік қағар сәттік ғұмыр. Шолақ дүние…«Қазақ өлді демейді, мәңгілік мекенге қайтты, қайтыс болды» дейді. Задында, жадында елге қызмет ету дегенді жаттатқан Жағдамен бірге тұтас бір академияның, тірі энциклопедия, бір ғана адамнан тұратын ғылыми орталықтың, қазақ қайраткерінің ғұмыры үзілді.

1917 жылдың қарашасында Қытайдың Тарбатағай ауданында дүние есігін ашқан Жағда Бабалықұлының ғұмырының жарты бөлігі Қытайда, кейінгі жарты ғасыры Алматыда өткен. Күреспен. Ұлт азаттығын ойлаған буынның бір бөлігі шоғырланған Шәуешекте білім алған. Оқуға кеш барса да, көштен қалмаған-ды. Көкірек көзі жанған жастармен бірге студент шағында «Ұлт азаттық ұйымын» құрды. Гоминдань һүкіметі азаттыққа ұмтылған ұйымның мүшелерін шетінен қудалап, бір-бір тыңшысын сап қойған. Алыптар арасында жеңіске жету әсте мүмкін де емес еді. Бірақ қайтпаған, күрескен. Алтай, Тарбағатай, Іле аймағы дейтін үш аймақты Қытайдан босатып алған ұлт азаттық қайраткерлері 1945 жылдың қыркүйегінде азат етуді аяқтаған. Шығыс Түркістанның орталығы Құлжа, Іле болды. Бабалықұлы бастаған Шығыс Түркістанның қазақ мемлекетінің өз туы, 40 000 сарбаздан тұратын ұлттық атты әскері, 10-15 мың партизаны болған.

«1943 жылы Шығыс Түркістанға Совет Одағы көмек қолын созды. Оның себебі, Совет өкіметінің жаны қысылып, 2 дүниежүзілік соғыс кезінде Москваға теперіш жақындағанда, Гоминдань империясы шекараға әскер төкті. Орта Азияға басып кірмекші, сол әскер төккені совет өкіметінің қаупін қозғады» деп еске алатын Жағда қарт.

ІІ дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен Сталинге Қытай мен Кеңес одағының арасынан тағы бір түркі, мұсылман мемлекеті қажетсіз еді. Одан гөрі, Қытай билігіне коммунистердің келуін күтіп, Шығыс Түркістанды солардың иелегіне бере салу әлдқайда оңай болды. Солай етті де. Есіл еңбектің еш, тұзы сор болатын осы. Кейін қызыл Қытай ұлт азаттық қаһармандарын біразға дейін пайдаланды. Жағда Бабалықұлының өлкелік партия мектебі бастығының орынбасары, Тарбағатайдың, сосын Іле Қазақ автономиялық облысының басшысы болатыны сол тұс. Сосын тағы қудалау.

Жасырын ұлт азаттық ұйымын құрушылардың бірі, Құлжаның бас прокуроры болған Жағда қарттың замандасы Қалдыбай Қанафин «Біз Жағда екеуміз, жалпы Шығыс Түркістанға қатысы барлар мен елге оралғандар екі державада он алты үкімет, патшалық көрген адамбыз, осының біреуіне риза болған емеспіз. Өйткені, менің ұлтымның мүддесі шешілген жоқ қой, біз өзіміз үшін жүрген жоқпыз, өзіміз үшін түрмеге түсіп, қудаланған жоқпыз, барлығы елдің мүддесі үшін еді ғой. Жағда Бабалықұлының бас айыбы – ұлтшылдығы болды. Оның «кінәсі» үш отаудың қазақтарының басын бір жерден шығармақ болған екен. Хан болғысы келген екен. 2 ай айғай-шудан ішінде қызметтен жұрдай болдық, партиядан шығарылдық»  деп еске алады.

Тарихи атамекенге оралғасын, тұтас бір өлкенің басшысы келді деп құшақ жайған ешкім болмады. Отыз жыл бойы КГБ аталатын ұйымның тіміскісінде болды. Қаладан шығуға, әсіресе шекаралас аймаққа баруына тыйым салынды.

Ер еңсесін түсірмеді. Соңғы деміне дейін пендешілдіктен ада болды, пендеуи принциптерге бас имеді. Ұлтына деген махаббатын басқа қырынан көрсетіп, қазақтың бары мен жоғын түгендеумен, сөзін, тілі мен дәстүрін іздеумен толтыруға тырысты…

 

One Response

  1. Біздің билік те кім көрінгенге беріп жатқан атақтарын қимады осы кісіге. Тірі энциклопедия адам. Топырағы торқа болсын!

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: