Ұлы Жеңіске – 65 жыл

Жазықбай АХАНОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері:

«Шегінерге жер жоқ, артымызда – Москва» деген сөздің авторы батыр Бауыржан болатын

Жыл ағысы жылжыған сайын олар сиреп барады. Замандас-қатарластары селдіреп, дәуірмен бірге тарихтың қойнауына куәгерлер көші де кетіп барады.   Ардагер Жазықбай Аханов та көппен бірге қазір бәзбіреулер ата-анасының тапқанын ғана тұтынып, сауық пен сайраннан басқаны ойламайтын жаста майдан даласына аттанған. Даңқты Бауыржанның дивизиясы құрамында алғы шепте болды. Маршал Жуковтың 17 хатшысының бірі болды. Жеңістің 65 жылдығына орай тоқсан жастағы кешегі қазақ жауынгері, бүгінгі ардагер атаны сөзге тартқанбыз. Түйген-көргенін біліп қалсақ деп.

Ол тұста Отан одақтас он бес елге ортақ ұғым еді. КСРО аталған елдің шетіне жау келгенде қиырдағы қазақ баласы мен даласы жеңісті жақындатуға қалай үлес қосты?

1941 жылы 22 маусымда неміс фашистері Кеңестер Одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. Ленинград, Сталинград қоршауда қалды. Мурманскіден Одессаға дейінгі мыңдаған шақырымдық аймақ соғыс алаңына айналды. Жаудың әскері Мәскеуге тым жақын келді. Гитлердің Смоленскийде штабта отырып,  7 қарашада Қызыл алаңда парад жасаймын деген сөзін естідік.

Кескілескен шайқастың алғы шебінде қазақ дивизиясы тұрды. Әуелі қазақ дивизиясын басқарған орыс жігіт Панфилов еді. Сосын бірер айдан кейін ол қаза болды-дағы, бүкіл ауыртпашылық Бауыржан Момышұлына түсті. Қазақ дивизиясы мына Мәскеуге немістерді жібермей он дивизияға қарсы тұрды, дивизияның тоқсан пайызы қазақтар болды. Бауыржанның есебі бойынша, Мәскеу, Ленинград, Сталинград майдандарына 4 миллион қазақ қатысты. Содан ауылға қайтып келгені  600 мың. 1 миллионға жетпейді. Қалғаны қалды. Бірақ, батырлық көрсетті бәрі. Сол қазақтың батыр ұлдарының ерлігі туралы қазір кино да, насихат та, кітап та жоқ.

Сіз батыр Бауыржанның дивизиясында болдыңыз. Бауыржан есімі, оның батырлық даңқы майдан даласында асқақтап тұрған болар ол тұста.

Бауыржан өте жақсы командир болды. Қазақтың басшысы Бауыржан болды. Дұрыс адам. Өте жақсы адам. Бауыржан соғыстың алғашқы жылдары үнемі айтып жүрді, “За нами Москва, отступать некуда, братцы” деп. Осылай қазақтарға ұран тастап жүрді. Орыстар соны политрук Клочковқа теліді. Бауыржанның дәл осы сөздермен жауынгерлерді рухтандырып жүргеніне өзім куәмін. Бұл жайды көргендердің бәрі қаза болып кетті. Бауыржанмен окоптас болған жауынгерлерден қалған жалғыз мен қазір. Бауыржанның дивизиясы Мәскеуді сақтап қалды. Гитлер Мәскеуді ала алмаған соң, Украина арқылы Сталинградқа, Курс доғасына бұрылды. Ленинградты қоршаудан шығаруда 376-дивизияға да көмек еттік. Қазақ дивизиясының еңбегі.

Биыл енді батырдың 100 жылдығы. Не айтайын оған? Радиодан айтыңдар, газет-журналға беріңдер, отбасына көмектесіңдер. Бауыржанға кезінде жұмыс беру керек еді. Бауыржан соғыстан кейін Алматыға келді. Мәскеуде Дзержинский атындағы академияны үздікке бітірді. Келгесін қызмет берген жоқ. Оның министр болуға мүмкіншілігі бар еді. Обком болуға қабілеті бар еді. Ең болмаса, әскери комиссариатты басқаруды да бермеді ғой. Алматыда жүрді. Маңдайымыздағы батырымызға құрмет өз дәрежесінде болған жоқ.

Сол сұрапыл соғыста ерлік көрсетіп, аты аталмай қалған қазақ қаһармандары туралы не айтасыз? Майдан даласында батырлық көрсетіп, бірақ аты аталмай қалғандар ма?

40 градус аязда, окопта қар үстінде жатқан солдат қандай солдат болады? Бір күн емес, екі күн емес, бірнеше ай. Фашистермен бетпе-бет келіп, суықта қар үстінде жатқан солар нағыз батыр. Сол соғыстың ыстық-суығына көнген, өліп кеткен, елге қайтпаған біздің қазақтардың бәрі сондай батыр, бәрі батыр. Татар, башқұртта, түркмен, өзбек, тәжік, қырғызда жоқ қазақтың екі қызы Мәншүк пен Әлия. Бұлар да ұмытылып кетті соғыстан кейін. Мен Кремльде шығып сөйледім. Бұл екі қыз қандай батырлықпен Отан үшін қайтыс болды. Айқайлап жүріп бағалаттырды. Жұмабай Шаяхметов деген бірінші хатшы болды. Сол хатшы қазақ дивизиясына түнгі сағат 3-4-те Алматыдан майданның алғашқы шебіне жылы киімдер апаратын. Қандай тамаша адамдар. Қазақстанды Қазақстан етіп кеткен Шаяхметов. Нұртас Оңдасынов Министрлер Кеңесінің  төрағасы болды, Тәшенов Жұмабай Жоғарғы Кеңестің басшысы болды. Барлығы ұмытылып кетті.

Жамбыл деген ақсақалымыз болды. Төсекте жылап жатып Сталинге хат жазды. «Мәскеуді бермеңіз, Ленинградты бермеңіз» деп. “Ленинградтық өреніи” деп, жылап 100-ге келген шал Сталинге қайта-қайта хат жазды. Жамбылды орыстардың өзі жақсы көрді, өйткені Жабаевтың өтініші бойынша, майдан даласында жауды 82 шақырымға тықсырды кеңес әскері.

Тылдағы Қазақстан еңбеккерлерінің үлесі ше?

Белоруссия, Украина, Молдова, Балтық елдерінің барлығы оккупацияда болды, майданды баққан кім? Қазақстан! Етті берген, майды, малды, сүтті берген Қазақстан. Өзбегің, түркменің, қырғызың мақта берді де, нанды, киімді берген Қазақстан болды. Бүкіл майданды 2,5 жыл Қазақстан бақты. Одан кейін  Белоруссия, Украина жау қолынан босағасын өздерін өздері қамтамасыз ете бастады. Осы туралы қайда? Жастар ешнәрсе білмейді.

Бас штабта маршал Жуковтың хатшысы болып қызмет жасапсыз.. Сізді қалай таңдады?

Қол жазуым жақсы болды, білімім жоғары болды, осыған байланысты 8 ай  І Белорусь майданының штабында жұмыс істедім. Қол қойдырамыз, қағаздарға, бұйрықтарды көшіреміз, ордендік кітапшаларды жазамыз, Жуковтың түнгі 1:00-де қол қоятын әдеті болды. 17 хатшының арасында қазақтан жалғыз мен болдым. Жуков талапшыл, қатал адам болды. Рокоссовский, Конев, Талбухин, Мариновский, Петров әскери басшылардың барлығына кеңес беріп отырды Жуков.

Соғысты Бас қолбасшы ретінде Сталин басқарды, ал Жуков Сталин берген тапсырманы бұлжытпай орындар отырды. Ол уақытта техника аз, Сталин мен Жуковтың рация арқылы сөйлесуін еститінбіз. Барлық тапсырманы күнделікті сөйлесіп отыратын.

Жеңісті қалай қарсы алдыңыздар?

30 сәуір күні Берлинге кірдік. Сосын бір өзбек бала мұнараға ту тікті, ту-пуымен ұшып кетті. Сол күні түс қайта, 3-қабаттан қызыл шүберекті көрсетіп, 30 минут тұрған Рақымжан Қошқарбаев. Сонымен қалды. Бір уақытта қайтып келді. 2 мамырда атыс-шабыс жоқ кезде, Егоров пен Кантелия екеуі ресми түрде барып, мұнараға ту тікті. Ал аналар кәдімгі соғыс боп жатқан кезде ту тігеміз деді. Бірі өліп кетті, Рақмыжан тірі қалды. Сол Рақымжан Қошқарбаевқа геройлықты бермеді, бірінші геройлықты қазаққа беру керек еді, оны орыстар ар-намыс көрді. Бір орыс бір грузин болу керек деді. Өйткені олар көп қырылды, сосын, грузинсіз болмады себебі Сталин ғой, орыссыз тағы болмайды Жуков қой енді. Соғыста 28 миллион адам қайтыс болды. 30 миллион адам ақсақ-тоқсақ, кемтар боп қайтып келді, Сонда 60-70 миллион адам Отанды фашистен алып қалды. Қазақтың да құрбандығы аз болмады бұл соғыста.

Айтарым бар:

Мына Ресей соғыс ардеагерлеріне 65 000 рубльден ақша берейін деп жатыр. Бізде де 65 000 теңге берейін деп жатыр ғой. Бірақ ол Ресей рублінің төрт бөлігінің бірі. Бізде майданда болғандардан үй алмай кеткендер, әлі үй ала алмай жүргендер бар. Ең болмаса соған жеткізсін.

Рақат Жақсыбайұлы

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: