Руслан ЖЕЛДІБАЙ, «Азамат» жастар бағдарламасының жүргізушісі: Біз жастардың тұлғалық дамуына үлес қосамыз

– Биыл «Азамат» жастар парламенті бағдарламасының 10 жылдығы екен. Аталған бағдарламаның әрі жүргізушісі, әрі клуб мүшесі ретінде өткен 10 жылдық кезеңдегі атқарылған істер туралы не айтар едің?

         – Бұл жобаның тарихына тоқталатын болсақ, Қазақстанда ұлттық пікір-сайыс орталығы жұмыс істеген. Кейін олардың «Хабар» агенттігімен бірлескен жобасы шықты. «Азамат» бағдарламасы – қазақ пікір-сайысшыларын интеллектуалды деңгейде біріктірген ірі жоба. Бұл жоба бүгінгі таңда жастарға арналған бағдарламалардың бірі әрі бірегейі болып отыр. Клуб пен телевизиялық жоба бойынша өткен 10 жылда көптеген іс-шаралар атқарылды. Оның ішінде ең бастысы – бұл жоба қазақ жастарының бойында ұлтжандылық қасиет пен интеллектуалды пікір-сайысшылық қабілетті арттырып, парасатты жастарды тәрбиелеп шығарды деуге негіз бар. Сонымен қатар, бұл бағдарлама көптеген жастарға өз ой-пікірін халыққа жеткізуге мүмкіндік беріп, азаматтық қоғамның қалыптасуына көп үлес қосатыны анық. Қазіргі таңда «Азамат» бағдарламасы кәсіби мамандар легін қалыптастырды. Мәселен, кезінде «Азамат» бағдарламасынан Ринат Думанұлы, Рауан Кенжеханұлы, Нартай Әшім сияқты ағаларымыз түлеп шықты. Кезінде клубтың негізін құрған бұл азаматтар қазір Қазақстан дамуына өз үлесін қосып келеді. Бұл тележобаның негізі мақсаты – азаматтық қоғамды қалыптастыруға үлес қосу, жастардың пікірін халыққа және Парламенттегі ел ағаларына жеткізу.

         – Кезінде Президент «Ел арнаның» жастар телеарнасына айналу қажеттігін екшеп айтқан еді. Бұл парызды телеарна қаншалықты орындап отыр?

         – Президенттің айтқаны өте орынды. «Ел арна» телеарнасы қазіргі күні Айгүл Мүкейдің басқаруымен біраз реформаланып жатыр. Кезінде біздің бағдарлама «Хабардан» шығатын еді, шынын айтсақ, бастапқы кезде бізге мұндай жарнаманың қажет болғаны рас. Байқап қарасақ, қазіргі таңда жастарға бағытталған отандық телеарналар өте аз. Бұл өте ауыр мәселе, дегенмен де біз бар күшімізбен жастардың тұлғалық дамуына үлес қосып жатырмыз деп ойлаймыз. Бағдарламадан бөлек, клуб та жақсы жұмыс атқарып келеді. Мәселен, клуб мүшелері Балалар үйіне жиі барып, көмегін көрсетеді. Әсіресе Құрбан айт кезінде жетімдерге барынша қол ұшын созады. Елімізде болып жатқан әрқилы оқиғаларға да үн қосып отырады. Кезінде біздің ұйым «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын жазып шыққан еді. Жалпы, «Азамат» бағдарламасы қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерге араласып отырады. Сонымен қатар, біз жастарды әрдайым Парламентке іс-тәжірибеге жіберіп отырамыз. Жыл сайын 10-15 шақты студент депутаттармен кездесіп, заңнамалық тұрғыдан біраз іс-тәжірибеден өтеді.

         – Бағдарламаның жастар арасындағы рейтингі қандай? Жалпы, көрермендер талғамымен санасып отырасыздар ма?

         – Әрине, хабардың рейтингін әрдайым қадағалап отырамыз. Бізге басшылық тарапынан да бағдарламаның рейтингі беріліп отырады. Біз түсінеміз, біздің бағдарламаның негізгі көрермендері – жастар. Сондықтан біз жастардың арасында өзекті боп отырған мәселелерді көтереміз. Оның ішінде жастардың әлеуметтік жағдайы, мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік жобалары, денсаулық сақтау бағытындағы тақырыптар да көтеріліп, сол саланың білікті мамандары, үлгілі азаматтармен пікірлесіп, ой бөлісіп отырамыз. «Азамат» бағдарламасының бір ерекшелігі, егерде Қазақстанда көптеген өзекті мәселелердің барын барша азаматтар білгенінше айтып бере алса, біздің «парламенттегі» қыз-жігіттер сол мәселені шешу жолында өзіндік ұсыныстар айта біледі. Менің ойымша, инновациялық, тың идеялар айтумен қатар, оны іс жүзінде жүзеге асыра алатын жастар елімізге аса қажет.  

Біз жастар арасындағы белсенділікті арттырып, ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеумен қатар, олардың ойын халыққа жеткізгіміз келеді. Біз жастардың Батысқа тым еліктеп бара жатқанын білеміз. Сондықтан біз ел аманатын жастар ұғына білсе екен дейміз. «Азамат» бағдарламасы осы бағытта жұмыс істейді. Дәл осындай тележоба қазіргі таңда Қазақстан нарығында жоқ деп айта аламыз. Менің бір таңқалатыным, ел азаматтары «Болашақ – жастардың қолында» – дейді. Шын мәнінде, болашақ – жастар қолында болса, неге жастардың ойын тыңдамасқа, оларды қолдамасқа?! Елбасы да: «Болашақ та, инновацияда да – жастардың қолында» – деген еді. Олай болса, «Азамат» сияқты бағдарламалардың көп болуы заңдылыққа айналуы тиіс деп ойлаймын.

         – Білуімізше, өзің шетелде білім алыпсың. Жалпы, телевидениеге қалай келдің?

         – Негізі, мен мектеп қабырғасында оқып жүріп-ақ пікір-сайыстарға қызыққан едім. Университетке оқуға түскен соң, «Азамат» пікір-сайыс клубының іріктеуінен өтіп, мүшелігіне қабылдандым. Алғашында «Азамат» клубына қатысушы ретінде шықтық, кейін осы бағдарламада жүріп, кастингке қатысып, жүргізуші болып қабылдандым. Негізінен, «Ел арна» телеарнасының директоры Айгүл Мүкей ханым және бағдарлама продюсері Рақат Жақсыбай мырзамен ақылдаса отырып, менің кандидатурам ұсынылып, бас продюсер Серік Абас-шах мырза қолдап, жұмысқа кірістім. Бұл бағдарламаны қазан айынан бастап жүргізіп келемін. Осыған орай бағдарламаның форматы да өзгерді. Енді бағдарламаның студиясы шағын парламент мінберін елестетеді. Бұл жерде парламенттік нұсқадағы студиямызда екі фракция және ортасында сарапшылар отырады. Мини-парламентіміздің нағыз Парламенттен айырмашылығы – бізде қоғамдық пікір білдірушілер де бар.  

Жеке өзіме келер болсам, мен Жамбыл облысының Қаратау қаласында туып-өскенмін. Мектепті Алтын белгіге бітіріп, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің маркетинг мамандығы бойынша мемлекеттік грантты жеңіп алып, сонда оқуға түстім. Әу бастан балалық арманым осы университетке оқуға түсу еді. Сонымен қатар, 1 курста корей тілін үйреніп, Кореямен студент алмасу бағдарламасы бойынша корей мемлекетінің Каннам универсиетінде білімімді шыңдап қайттым.

         – Яғни, корей тілін де жақсы меңгергенсің ғой…

         – Иә, бұл тілді меңгергенмін. Бірақ қазіргі таңда күнделікті онымен айналыспаған соң, деңгейім сәл төмендеп жатыр ма деп қорқамын. Сондықтан, Құдай қаласа, университетті бітірген соң, Кореядағы университетке магистратураға түссем бе деген арманым бар. Қазіргі таңда өз мамандығым бойынша Қазақстандағы тұңғыш исламдық брокерлік компаниясы – «Фаттах» қаржы ұйымында іс-тәжірибеден өтіп жүрмін. Жалпы, онда Қазақстанға ислам қаржы құралдарын баламалы үлгіде  енгізуге байланысты қызмет істеп жатырмыз. Компанияның басқарма төрағасы Айдос Демешев мырзамен бірге біздің де арманымыз – Қазақстанға ислам қаржы жүйесін енгіздіру. Болашақта осы компанияда жұмыс істесем деген арман-тілегім бар. Ислам қаржы саласының маманы атана білсем игі.  

         – Сөзіңе қарағанда, сен болашақта тележүргізушілікті қойып, өз мамандығың бойынша қызмет етуің мүмкін бе?

         – Өз мамандығым болған соң, бұл салаға бүйрегім бұрады. Әрине, қазір мен бұл саланың маманымын дей алмаймын. Жүргізушілікке келер болсақ, бұл мен үшін үлкен абырой, міндет. Мен көпшілік алдына шығып, жұлдыздық аурумен ауырғым да келмейді. Бұл жердегі мақсатым – өзімнің азаматтық пікірімді білдіре отырып, жастардың тәрбиесіне үлес қоссам деген ой ғана. Жалпы, аға ұрпақ өкілдері де жастарға үлгі-өнеге көрсете білуі тиіс. Қазіргі таңда қазақ ұлтының болу-болмау қаупі бар. Ал тәуелсіздік мығым болу үшін жастар қоғамға қажет. Бірақ қандай жастар?! Әл-Фарабидің бір сөзі бар: «Жастарға ең әуелі білімнен гөрі тәрбие керек». Өйткені билік тәрбиесіз адамдардың қолына тисе, бұл халықты апатқа алып келеді. Сондықтан бізге ұлттық сананы қалыптастырып, жастарды ұлттық тұрғыдан тәрбиелеу керек. Өкінішке қарай, біздегі көптеген жастар ұйымдары, шынымен-ақ, тек қана пиар-акция үшін құрылған. Кейбірі шынымен де жастар мәселесін шешумен айналысса, тағы бірі жеке азаматтардың жобасы боп кеткен. «Азаматтың» олардан ең бастысы айырмашылығы – оның тәуелсіздігі. Ол ешкімнің де жобасы емес. Бізді ешкім бақыламайды. Біз – өз еріктерімізбен қосылған жастармыз.

         – Қазір байқасақ, жастардың көбі – қазақтілді, оның үстіне өте ұлтшыл. Бұл күшпен билік қаншалықты санасып отыр деп ойлайсың?

         – Негізі, бұл саяси сұрақ. Десе де, бұған жауап беруге тырысайын. Мына мәселеге көңіл бөлу керек: бізде қазақ жастары ұлтшыл деп көпшілік қорқады. Менің ойымша, ұлтшылдықтан қорқудың қажеті жоқ. Ұлтшыл дегеніміз – өз ұлтын сүйетін адам. Олармен билік санасып отыр ма деген сұраққа тоқталатын болсақ, «Азамат» бағдарламасының жарыққа шығып отыруы биліктің белгілі бір деңгейде ұлтшыл жастардың пікірін тыңдап, ескеріп отырғанын білдіретін сияқты. Себебі билік жастарға, әсіресе ұлтшыл жастарға жеке бағдарламамен жұмыс істеуге мүмкіндік берген. Бұл санасудың белгісі. Әрине, екінші жағынан, проблемалар да жоқ емес. Біз Қазақстан Республикасының «Жастар саясаты туралы» заңының да кемшіліктері барын білеміз. Оны орындау механизмі де – бөлек әңгіме. Оның үстіне, үлкен ағаларымыз да жастармен көп санаса бермейді, тек «жастар – біздің болашағымыз» деп басымыздан сипап қана қояды. Ал шындығына келгенде, кейбір жерлерде олардың бізді қолдамайтыны да анық.  

Бірақ, менің ойымша, Елбасы жастармен санасады. Себебі біз оның әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі мәлімдемелерін тыңдайтын болсақ, Президентіміздің жастарға мол үміт артатыны белгілі. Бірақ кейбір лауазымды тұлғалардың Президент тапсырмасын кейде ары қарай орындамайтыны анық көрініп отыр.

 

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ

«Айқын» газеті

6 жауап

  1. “Асыл – тастан, ақыл – жастан” – деген халық даналығының тағы бір дәлелі бола білген Азаматтардың ортасы – “Азамат – жастар парламенті” жобасы. Жалындаған жастығында биік белестерден көрініп, халқының шынайы алғысын алған азаматтардан келешекте тек қана имандылыққа, ізгілікке, жомарттық пен мәрттікке негізделген азаматтық қадамдар күтеміз. Қазақта “Болар елдің балалары бірін-бірі “батыр” дер” деген жақсы сөз бар. Ендеше арамызда үлгі боларлықтай замандастарымыздың болғанына шын пейілмен қуануға тиіспіз деп ойлаймын. Іске сәт, “Азамат”!

  2. Azamat tek kana alga!!!

  3. “Болшақ жастардың қолында” деген сөзді жете түсініп, елімізде болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарамай, еліміздің дамуына үлес қосу-әрбір жастың парызы,міндеті. Ел алдындағы жауапкершілікті сезініп, үміт пен сенімді ақтауға талпынып талмай еңбек ету – ел дамуына үлес қосуға жасалған бірінші қадам деп білемін!

  4. Азамат бағдарламасы жастардың тұлғалық дамуына үлес қосады деген тұжырым жасалыпты. Бірақ сол бағытта жасалған шаралардың барлығы тек сол бағдарламға қатысатын адамдардың ғана дамуына негізделген деген қорытындыға келіп отырмын. Ал Азаматтан тыс, оған еш қатысы жоқ жастардың дамуына қандай үлес қосып отыр екен, Руслан Желдібай осыған жауап бере алады ма екен?

  5. Азамат көрікті жастар көшінің керуені!

  6. “Азамат” бағдарламасының жастарды тәрбиелеудегі орны ерекше деп айта аламын. Мектеп қабырғасында жүргенде қызығып көретін бағдарламаны қазир де үзбей көруге тырысамын. Жастардың ойын еркін жеткізе білуге, сөз саптай білуіне, қоғамға белсене араласуына тікелей ықпал етіп отыр. Белсенді азаматтарды тәрбиелеп отыр. Кешегі санынды ЖАСТАР САЯСАТЫ жөнінде әңгіме қозғады, жақсы ойлар айтылды. Дегенмен “үлкен ағаларымыз” осы жастардың сөзін тыңдап, қолдау көрсетіп отырса игі.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: