ҚХР мәдени революция (1966-76)

Кіріспе

Ұлы пролетарлық мәдени революция (Wuchan Jieji Wenhua Da  Geming) – 1966-1976ж аралығындағы он жылдық кезеңді қамтыған Қытай тарихындағы оқиға. Бұл кезең әлеуметтік баспалдақтың төменгі деңгейіндегі жұмысшылар мен студенттердің тәртіпсіздік әрекеттерімен және елдің партиялық басшылығындағы хаоспен сипатталды. Революцияның басталуына қорытынды ықпалды саяси оппозициялық көзқарастармен күрес шеңберінде және мемлекеттік идеология ретінде ҚКП басшылығындағы өз жақтастарының көзқарастарын (маоизм) орнықтыру үшін ҚКП төрағасы Мао Цзедун жасады.

1.Көптеген зерттеушілердің пікірінше, «мәдени революцияның» ең негізгі себептерінің бірі партия ішіндегі көшбасшылық үшін күрес болды. «Үлкен секірістің» сәтсіз аяқталуы елдегі Маодың позициясына белгілі бір деңгейде теріс ықпалын тигізді. Сондықтан да «мәдени революция» барысында Мао Цзедун алдына екі негізгі мақсат қойды, оның екеуі де Маодың Қытайдың саяси сахнасындағы көшбасшылық орнын орнықтыра, бекіте түсуіне бағытталды: нарықтық механизмдердің бір бөлігін енгізу арқылы экономикалық реформалар жүргізу идеясын алға тұтқан оппозицияны жою, сонымен бірге кедейленген халықтық массаны «жұмысбасты ету». «Үлкен секірістің» сәтсіздікке ұшырауындағы негізгі кінәні ішкі оппозиция (Лю Шаоци) және сыртқы жаудың (Хрущев басшылығындағы ревизионистік КСРО) мойнына іліп, Мао бір жағынан бәсекелестерді жойды, екінші жағынан халықтық толқуларға да жол ашты.

1965 жылға келіп елдің ішкі саяси курсын және сыртқы саяси бағытты анықтау мәселелері бойынша ҚКП басшылығындағы пікірталастар өрши түсті. Мао және оның жақтастары қоғамды саяси және әлеуметтік-экономикалық ұйымдастыруда «яньань» нормаларына қайта оралу бағытын ұстанды. Мао Цзедун социалистік қоғамдағы таптық күрес идеясын 1957 жылдың өзінде алға тартқан болатын, ал 1962ж ҚКП ОК X пленумынан кейін ол  «таптық күрестің өршіп тұрғандығы» және «пролетариат диктатурасының революцияны жалғастыруы» туралы ойларды насихаттай бастады. Осыған байланысты   ҚКП   мүшелерінің  бір  бөлігі  «ревизионизм» бағытына түскен деген тезис пайда болды. Мао «Қытайда ревизионизмнің пайда болуы» туралы ойды әсіресе 60-жылдардың II-ші жартысынан бастап көп айта бастады. Оның айтуынша, партия, үкімет, армия және мәдени сала қызметкерлері ішінде «контрреволюциондық ревизионистер» мен буржуазия өкілдері көбеюде, және де тек «ұлы пролетарлық мәдени революция» бастау арқылы ғана «капиталистік жолды таңдаған партиялық биліктегілерден» билікті тартып алуға болады. Сонымен, бұл арқылы Мао оның саясатымен келіспейтіндердің барлығын партияның басқарушы органдарынан  аластату, партия мен халыққа «казармалық коммунизм» рухын сіңіру, социализмді құруды жеделдету бағытын ұстанды.

2.«Мәдени революцияны» үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.

Бірінші кезең (1966ж мамыр – 1969ж сәуір) – бұл «мәдени революцияның» ҚКП-ның IX съезін шақырумен аяқталған ең белсенді кезеңі. Революцияның басталуына 1965ж қарашасындағы «Вэньхуэй бао» газетіндегі Яо Вэньюанның мақаласы сылтау болады. 1966ж мамырында ҚКП ОК Саяси бюросының кеңейтілген отырысында Мао Цзедунның «мәдени революция» туралы идеялары көрініс тапқан ҚКП ОК 16-мамыр құжаты қабылданды. Отырыс барысында бірқатар партия басшылығы, үкімет, армия қызметкерлері қатаң сынға ұшырап, кейіннен өз қызметтерінен аластатылды. Олардың қатарында партияның Пекин қалалық комитетінің бірінші хатшысы Пэн Чжэнь, ҚКП ОК насихат бөлімінің меңгерушісі Лу Динь, ҚКП ОК секретариаты мүшелігіне үміткер Ян Шанкундер бар. Содан соң Чэнь Бода басшылығымен мәдени революция істері жөніндегі топ құрылды. Бұл топ кейін келе Саяси бюро мен ҚКП ОК Хатшылығын ауыстырып, «мәдени революцияның штабына» айналды. Партиядағы оппозициялық күштерді жаныштау үшін Мао және оның жақтастары хунвэйбин отрядтарын құрған жастарды пайдаланды. Хунвэйбиндердің алғашқы манифестінде: «Біз-  Орталық комитетті, қызыл билікті қорғаушылармыз. Төраға Мао – біздің тірегіміз. Бүкіл адамзатты азат ету – біздің міндетіміз. Біздің барлық әрекеттерімізде Мао Цзедунның идеялары ең жоғарғы жол сілтеуші. Біз, Орталық комитетті қорғау үшін, ұлы көсем Маоды қорғау үшін, ойланбастан, қасық қанымыз қалғанша күресіп, мәдени революцияны соңына дейін жеткізуге ант етеміз» делінген. Мао Цзедунның инициативасымен мектептер мен ЖОО-да «мәдени революцияны» жүргізуге кедергі болмас үшін сабақтар тоқтатылды. Профессорлар, мұғалімдер, әдебиет пен өнер қайраткерлері, кейіннен партия мен мемлекеттік қызметкерлер «массалық сотқа» тартылды. Олар «ревизионистік әрекеттері» үшін жазаланды, ал шын мәнінде олар ҚХР-дың ішкі және сыртқы саясаты, елдегі жағдайға байланысты әділетті сын айтқан болатын. Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі Пекин қалалық бөлімінің мәліметтері бойынша 1966ж 23-тамызы мен қыркүйек айының соңы аралығында хунвэйбиндер бір Пекиннің өзінде 1722 адамды өлтіріп,  33695 отбасының мүліктерін тәркілеп,  85 мыңнан астам адамды Пекиннен аластатқан.

1966ж тамызында ҚКП ОК XI пленумы өз жұмысын бастады. Пленум барысында Мао партияда «буржуазиялық штабтың» бар екендігін айтып, орталық пен жергілікті жерлердегі партия басшыларын «буржуазия диктатурасы» саясатын жүргізуде деп айыптап, «штабтарға қарсы от ашуға» шақырды. Осыдан кейін елдегі жағдай шиеленісе түсті, ел экономикасына ауыр залал келтірілді. ҚКП мыңдаған мүшелері репрессияға ұшырады, интеллигенцияны аңду күшейді. ҚКП ОК 8-ші шақырылымының 97 мүшесінің  60-ы, 73 мүшелікке үміткерлердің 37-сі «спецагенттер және сатқындар», «контрреволюциондық ревизионистік элементтер» деп жарияланды. 30-дан аса қалалық комитет хатшылары, 2600-ден астам әдебиет пен өнер қызметкерлері, 53 мыңға жуық ғылым мен техника саласы қызметкерлері репрессияға ұшырады. Қытайлықтардың ресми мәліметтері бойынша «мәдени революция» барысында жапа шеккендер саны 100 млн-ға жуықтайды. Қытай тарихшылары елдегі орын алған жағдайды былай деп сипаттайды: «Қытай хаос пен террор үстемдік құрған мемлекетке айналды. Партиялық және үкіметтік органдардың жұмыстары барлық деңгейде тежелді. Басқарушы мамандар, білімді және тәжірибелі интеллигенттер қуғынға ұшырады».

1967ж қазанындағы ҚКП ОК XII пленумында Лю Шаоци қызметтен шеттетіліп, ҚКП жаңа Жарғысы мақұлданды. 1968ж сәуірдегі ҚКП IX съезі елдегі 1966-69ж аралығындағы барлық акцияларды мақұлдап, заңды деп тапты. Линь Бяодың жасаған баяндамасында елдегі партиялық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелердегі тазалаулар жалғаса беретіндігі айтылды. Съезд «толассыз революция» курсын және соғысқа дайындық курсын мақұлдады. Қабылданған       жарғы       бұрынғысымен        салыстырғанда       партияның экономикалық саясатын, халықтың әл-ауқатын жақсарту, демократияны дамыту міндеттерін қамтыған жоқ. ҚКП қызметінің теоретикалық негізі деп «Мао Цзедун идеялары» жарияланды.

Екінші кезең 1969ж мамыры мен 1973ж тамызы аралығын қамтыды. Жетпісінші жылдарда халықтық шаруашылықты басқаруды жетілдіру, өндірісті ұйымдастыру бойынша бірқатар шаралар ақырындап қолға алына бастады. 1970-71ж қытай басшылығының ішіндегі жаңа дағдарысты айғақтайтын жағдайлар орын алды. 1970ж Мао ҚХР Төрағасы постын өзгерту үшін Конституцияны қайта қарауға шешім қабылдады. Алайда Линь Бяо және Чэнь Бода ҚХР төрағасы постының сақталып қалуын жақтады. ҚКП ОК II пленумында да олар осы ойды білдірді. Осыдан кейін Мао «Менің пікірім» құжатын жазды, онда Мао Цзедун Чэнь Боданың көзқарастарын қатаң сынға алып, оны «провокоциондық қызметпен» айналысты деп  айыптады. Партиялық деңгейде Чэнь Боданың ісі қаралып, ол «карьерист», «антипартиялық элемент» деп жарияланды. Саяси сахнадан Чэнь Боданың соңынан қорғаныс министрі Линь Бяо да кетті. Осыдан кейін армияда жаңа тазалау науқаны басталды. Нәтижесінде мыңдаған офицерлер репрессияға ұшырады. 1973ж наурызында ҚКП ОК шешімімен Дэн Сяопинның бұрынғы қызметі қайта қалпына келтірілді. Тамыз айында өткен ҚКП X съезінде ішкі саяси мәселелер қызу талқыға түсті. Сонымен бірге Линь Бяо мен Чэнь Боданың әрекеттері әшкереленді, және кәсіподақ пен жастар ұйымдарынң қызметтері, кейбір партиялық және әкімшілік қызметкерлерінің жұмысы қайта қалпына келтірілді.

Үшінші кезең 1973ж қыркүйегі мен 1976ж қазанына дейін, яғни ҚКП X съезі мен мәдени революцияға нүкте қойған «төрттіктің» талқандалуына дейінгі кезеңді қамтиды. 1974ж Цзян Цин, Ван Хун Вэйдің ұсынысымен және Мао Цзедунның қолдауымен «Линь Бяо мен Конфуцийді сынаудың» жаңа бүкіл халықтық саяси-идеологиялық кампаниясы басталды.

1975ж өткен БҚХҚ сессиясында ҚХР биліктің жоғарғы органдары қайта жасақталды. БҚХҚ Тұрақты комитетіне төраға Чжу Дэ және оның 22 орынбасары кірді. Сонымен бірге үкімет құрамына Цзян Цин жақтастары да (У Дэ, Кай Шэн) кірді. Армиядағы жоғары лауазымдар қытай басшылығындағы   бәсекелес   топтар   өкілдері   тарапынан  бөлініп алынды.

Сессия өз жұмысын аяқтағаннан кейін «мәдени революция» жақтастары тарапынан өз позицияларын орнықтыру үшін кезекті ұмтылыс жасалды. Осы мақсатта Мао Цзедунның инициативасымен 1974-1975ж аралығында «пролетариат диктатурасы теориясын оқыту» үшін күрес кампаниясы бастау алды. Бұл кампанияның басты міндеті халықтық шаруашылықты басқаруда рационалды әдістер жүргізуді, экономиканы дамытуға көп көңіл бөлу керектігін алға тұтқан ҚКП басшылығындағы кейбір қызметкерлерге (Дэн Сяопин, Чжоу Эньлай) қарсы тұру. Кампания барысында еңбек бөлінісі, жерге жеке меншік, тауар-ақша қатынастары теңдікке нұқсан келтіретін «буржуазиялық құқық» деп жарияланды. Сөйтіп, көптеген өндірістік кәсіпорындар мен коммуналарда  материалдық сыйақылар шектеліп, жерлер ликвидацияланып, еңбекшілердің құқықтары тапталды. Мұның бәрі еңбекшілердің жаппай наразылығын туғызды. 1976ж қаңтарда ұзаққа созылған аурудан кейін ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Чжоу Эньлай өмірден өтті. Осы жылдың сәуірінде оны еске алуға арналған церемония барысында Пекиннің басты алаңы Тяньаньмэньда жаппай толқулар орын алды. Көтерілісшілер Цзян Цин және оның жақтастарының мәдени революция істері бойынша қызметін сынға алып, олардың шеттетілуін талап етті. Осыдан кейін елде репрессияның жаңа толқыны өмірге келді. Дэн Сяопин барлық қызметінен шеттетілді. «Биліктегі капиталистік жолды жақтаушыларға» қарсы жаңа кампания орын алды. 1976ж 9- қыркүйекте Мао Цзедун өмірден өткеннен кейін «төрттік» мүшелері (Цзян Цин, Чжан Чуньцяо, Яо Вэньюань, Ван Хунвэй) биліктен шеттетіліп, мәдени революцияға нүкте қойылып, елдің дамуы жаңа кезеңге өтті.

3. «Мәдени революция барысында» бес млн-нан астам адам репрессияға ұшырады. «Үлекен секірісті» сынаған, елдің сәтті дамуын басқа жолда көретін партия, мемлекеттік орган қызметкерлері, ғылым, әдебиет өкілдері қатаң сыналып, қуғынға ұшырады. Мао Цзедунның мемлекеттік билікті ұстап қалу мақсатында жүргізілген партиялық тазалау нәтижесінде келіспеуге, сын айтуға қауқарлы мүшелерден тұрған «ескі» партияны, хунвэйбиндерден тұратын, Маоға берілген адамдардан тұратын «жаңа» партия ауыстырды.

Мао Цзедун тарапынан таптық теорияның практикада қолданылуы «барлығы    барлығына   қарсы»   соғысына   алып   келді.   Мао   анықтамасы бойынша пролетариаттың  таптық жаулары қатарына қарапайым шаруадан бастап  жоғары  партиялық  қызметкерге  дейін  кез  келеген  адам жатқызыла берді. Массаның қолына берілген билік жай ғана биліксіз хаосқа айналды. Билікті түрлі заңсыз әрекеттер танытқан жас көтерілісшілер басып алды. Осыған Линь Бяодың хунвэйбиндер газеттерінің бірінде жариялаған мақаласы куә бола алады, ол былай деп жазды: « Синьцзянда адам өлімі болды, бірақ өте аз болды, Нанкинде және басқа да жерлерде де болды, бірақ жалпы алғанда адам өлімі бір шайқастағыдан да аз болды. Сондықтан жоғалтулар минималды, ал табыстар максималды, максималды…  Бұл революция біздің алдағы жүз жылдық болашағымызға кепілдік беретін нәрсе. Хунвэйбиндер – биліктегі буржуазия өкілдерін ұстаушы жауынгерлер». Барлық кітап дүкендері жабылып, мәдени және ғылыми қызметке құрсау қойылды. Тек бір ғана кітап, Маодың цитатнигін ғана сатуға рұқсат берді. «Ауыл қаланы қоршайды» кампаниясы барысында 20 млн дейін дейін оқыған жастар күштеп ауылдарға, алыс аудандарға жіберілді. Хунвэйбиндер мен цзаофандардың әрекеттері толық еркіндік берілді, құқық қорғау органдары мен сот жүйесі қауқарсыз болды, нәтижесінде елде хаос орын алды. Олар оңай карьера жасау үшін түрлі тәртіпсіздік әрекеттерге барды. Хунвэйбиндердің көбісі кедей отбасынан шыққан, білімсіз адамдар құрады. Бірақ та бұл толқуларда интеллигенттердің балалары да кең көлемде қатысты. Кантон қаласындағы көтерілісшілердің 45%-ін интеллигенция балалары құрады. Тіпті Лю Шаоцидың балалары үй қамауында отырған әкесіне буржуазиялық элементтердің отбасы мүліктерін тәркілегенде қызықты заттарға қол жеткізгендіктерін айтады. Көп кешікпей хунвэйбиндер «қызылдар» және «қаралар» болып екіге жарылды. Біріншісі интеллигенттер мен партия қызметкерлері отбасынан, екіншілері кедей, шаруа отбасынан шыққандар. Олардың екеуінің де қолдарында Маодың цитатнигі болды, бірақ олар оны өзінше түсінді. Түрлі қатыгез әрекеттерге жол берілді. 1968ж бастап жағдайды армия бақылауға алды.  Хунвэйбиндерге қарсы қарулы қақтығыстар орын алды. Маодың өзі «мәдени революция» барысындағы әрекеттердің «30%-і қателік 70%-і дұрыс істелген әрекеттер» деп санады. 1981ж ҚКП ОК пленумында «Мәдени революция қандай жағдайда да революция немесе әлеуметтік прогресс болмады және бола да алмайды, ол – басшының кінәсімен басталған және контрреволюциондық топтармен пайдаланылған тәртіпсіздік, ол – партияға, мемлекетке, жалпы халыққа үлкен сәтсіздіктер алып келген тәртіпсіздік» деп жарияланды.

Қорытынды

Қорыта айтқанда, көптеген мәліметтер бойынша «мәдени революция» барысында жапа шеккендер саны 100млн-ға жуықтады. Бұл туралы ең алғашқы мәлімет «Жэньминь Жибао» газетінде жарияланған болатын. Ж.Л.Марголеннің жазуы бойынша  миллионға жуық адам қаза болды, оның ішінде бір ғана Гуаньси провинциясында 67 мың адам, Гуандунда 40 мың адам   шығыны  орын  алды. Қытай тарихшылары елдегі орын алған жағдайды былай деп сипаттайды: «Қытай хаос пен террор үстемдік құрған мемлекетке айналды. Партиялық және үкіметтік органдардың жұмыстары барлық деңгейде тежелді. Басқарушы мамандар, білімді және тәжірибелі интеллигенттер қуғынға ұшырады».  Мао Цзедун  өмірден  өткеннен  кейін  «Мәдени революция» барысында түрлі себептермен сыналған және репрессияға адамдар ұзаққа созылған саяси  күрес нәтижесінде Дэн Сяопиннің басшылығымен билік басына келді. Жаңа басшылық «Мао Цзедунның идеялары» мен марсизм-ленинизмге ритуалды адалдықты сақтай отырып, бай және қуатты Қытай елін құру патриоттық идеясын алға тұтты. Жалпы алғанда, орын алған терең саяси үзілістер жаңа экономикалық саясатты жүргізуге алғышарт болды деп айтуға болады.

Жоспар

Кіріспе

1.Революцияның алғышарттары

2. «Мәдени революцияның» барысы, кезеңдері

3. «Мәдени революциядағы» анархия және партиялық тазалаудың нәтижелері

Қорытынды

Қаракөз Жұмабекова

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: