Айтақын мен Жандарбек Бұлғақтың айтысы

Айтақын:

Ақын сөзі өлшенбес мысқалменен,

Тұщымды ой айтуға ұстамды ер ем.

Наурызда сіздермен жүздесіппін,

Нарық заман бүйірден қысқанменен.

Айтысқа тыйым салып тастағалы,

Қызыл тілім қырқылып, қысқарған ең.

Дөкейлер ақындарға бұғау салды,

Жар астында екен ғой дұшпан деген.

Ақындар билікпенен сыйыспадық,

Мысық жолдас болмайды тышқанменен.

Азат күнде қазақтың өнері өлсе,

Осы ғой намысыңа нұқсан келген.

Өнеріңді өшіріп, Үкіметтің,

Саясат шырмауында ұсталды өлең.

Айтысты өлтірмеуге жанталасқан,

Ермановта қайратты күш бар дер ем.

Ал, ағайын, қарсы алғын құшақ жайып,

Біздерге қуат берсін құшқан денең.

Ақындар алдарыңа қайта келді,

Көктемде қайта оралған құстарменен.

Жай сөзді мен айтпаймын жайдақталған,

Ақынмын қара сөзден қаймақты алған.

Алдарыңа кеп тұрмын атой салып,

Құлынымды ертіп ап, ойнақ салған.

Баламен жағаласты демеңіздер,

Хабардар боларсыздар жай-жапсардан.

Әйтпесе, бұл Айтақын доңыз емес,

Ашығып өз торайын шайнап салған.

Бұл дағы бір қоғамның қасіреті,

Баласын әкесіне айдап салған.

Ассалаумағалейкум, жас Бұлғақов,

Әкеңе құшағыңды аш, Бұлғақов.

Көрерменнің таңдайын қақтырғайсың,

Тыңдарманды тамсантып, бас бұлғатып.

Айтыстың жабылуы тұрған жоқ па,

Қоғамның ауруын асқындатып.

Тек қазақтың бұйырған еншісіне,

Айтысым – даладағы дәстүр, жақұт.

Он үшіңде сөйлеп ең елдің сөзін,

Әкеге ұл өскені рас бір бақыт.

Өзіңдей бөлтірігім аман болсын,

Азар болса тастайды қасқырды атып.

Мен де бүгін айтарымды айтып қалам,

Құрық салсаң, ұстатпас қашқын уақыт.

Әкеңді топ алдында таба қылмай,

Өлеңіңді төк енді тасқындатып.

Сені көріп тай күнім еске түсіп,

Жанардан отырайын жас құрғатып.

Жандарбек:

Уағалейкумассалам, дәу Бұлғақов,

Мен үшін асқаралы, тау Бұлғақов.

Сахнада балаңмен қауыштырған,

Әкетай, өкпелеме тағдырға түк.

Жарты өмірің айтыспен өтіп еді,

Жер теуіп, домбыраңды даңғырлатып.

Балаңмен кездескенің бақ емес пе,

Әр нәрседен іздейді әркім бақыт!

Ал, енді сен шап десең, мен шабайын,

Батыраш құлатпаса аңдып жатып.

Маңдайымнан сыйпасаң, құлыным деп,

Таңдайымнан жыр төгем жаңбырлатып.

Ағайын, бәрің бері келіңіздер,

Өлеңге қатты құмар едіңіздер.

Айтыстың неше түрі болады екен,

Баланың бұл сөзіне сеніңіздер.

Халықаралық айтыстар өткен кезде,

Біздер үшін уайым жедіңіздер.

Облыстық айтыстар өткен кезде,

Бұл айтыс жақсы өтті дедіңіздер.

Бұл айтыс ерекше айтыс болғалы тұр,

Әйтеуір бағаны әділ беріңіздер.

Айтыстың тоқтауына байланысты,

Отбасылық айтысты көріңіздер.

Әкемнен алушы едім тынбай тәлім,

Өйткені, өнегесін шын байқадым.

Бұрын-соңды басымда болған емес,

Тығырыққа тірелген мұндай шағым.

Ағайын, маған көмек беріңіздер,

Айтыста қайту үшін сынбай сағым.

Біреу тиіссе, әкеме айтушы едім,

Ал енді әкем тиіссе, кімге айтамын?

Бұл  біздің түсіміз бе, өңіміз бе,

Әкетай, жұп қылыпты сені бізге.

Ойпырмай, осы айтысқа шығар кезде,

Қарсылас табылмап па тегі бізге?!

Жүрсін аға, әкеммен жұптап қойып,

Әкемді танытайын дедіңіз бе?

Әкетай, биші де сен, әртісте сен,

Тәуекел тартысайын, тартыс десең.

Сахнаға қарсылас боп қайдан шықтың,

Әкем боп отыр ең ғой талтүсте сен?

Ақын деп мені мұнда алдырар ма,

Ермановтың ойынан дәл түспесем.

Айтысты арбаға сап жарға айдады,

Ой, айтқыш, «жетпіс шешен, алпыс көсем».

Төл өнер төрден орын алуы үшін,

Әкеммен айтысайын, айтыс десең.

Тапжылмай маған қарап халық отыр,

Әкеңе кетеді деп қай тұста есең?

Не керек, бұл халыққа қызық керек,

Өзің біл, өз ұлыңды жай тістесең.

Сахнаға мен шыққанда тақым қысып,

Ас батпақ түгілі, сен шай да ішпес ең.

Мен болсам жалындаған жас баламын,

Әкетай, сеніп келдің қай күшке сен.

Екеуінің қайсысына болысам деп,

Дал болып отырма екен байғұс шешем?!

Әкеме еркелеуді ұнатам мен,

Өзгемен ерегессем, құлатар ма ем?

Теңді теңге, тезекті қапқа салмай,

Ерманов қайдан қосты мына шалмен?!

«Алыссаң, атаңды жық» деген бар ғой,

Сол сөзбен өз-өзімді жұбатам мен.

Құнанбайға сын айтқан Абайға ұқсап,

Ой жарысып көрейін ұлы атаммен.

«Күн көсемнің» тұсында сіз туыпсыз,

Армандас боп Брежнев братанмен.

Нұр көсемнің тұсында мен туыппын,

Арайлап азат атқан құба таңмен.

Сүйегі қаусап кеткен «Компартия»,

Қай бетімен жарыспақ «Нұр-Отанмен»?

Халықтың ықыласын иемденген,

Қос Бұлғақов айтысқа ірең берген.

Сахнаға сабырлы боп мен келгенде,

Әкем отыр аумайтын дүлей желден.

Сөзімізді  билікке жеткізер деп,

Халық әркез ақынды сүйеу көрген.

Басшылар бұл өнерге бұғау салып,

Тұлпардай болып қалдық  шідерленген.

Ағайын, біздің заман осы болды,

Біреулер қырқысып жүр біреулермен.

Әкелері айтысып баласымен,

Қайын аталар алысты күйеулермен.

Айтақын:

Айтысқа құлақ түрген атырап бар,

Кеңесті күндеп жатыр ақымақтар.

Компартия өлмейді, өлу үшін,

Алдымен мені өлтіріп, топырақ сал.

СССР-дан көріп ең не жамандық?

Өткеніңді байқап көр, бақылап сәл.

Жемқорлар болған емес біздегідей,

Билік те отырғанда батырақтар.

Шешем байқұс қайсымызға болысар деп,

Кемпір жайлы бердің ау тосын ақпар.

Компартия тұсында жұмыс қылған,

Шешең сенің расында асыл-ақ жар.

«Нұр-Отанның» тұсында жұмыссыз қап,

Сарғайды ғой жап-жасыл жапырақтар.

Өзіңдей отыз ұлы болғанынша,

Кемпіріне қымбат қой осырақ шал.

Дұрыстап тыңдап алшы, ақын балам,

Дұрыс қой әке сөзін мақұлдаған.

Абай қарсы келмеген Құнанбайға,

Шариғатты жетік білген һакім данаң.

Кеңесті келемеждеп неғыласың,

Текедей теріс келіп бақылдаған?

Ол заманда оқу деген тегін болған,

Октябряттың таңдайы тақылдаған.

Тегін барып дем алып «Артегіне»,

Пионерлер алау жаққан лапылдаған.

Құрыш қанат комсомолдар «БАМ»-ды салып,

Сібірде  найзағайдай шатырлаған.

Қан құйлы фашизмнің  көзін жойған,

Коммунистің барлығы батыр адам.

Секретарлар сертіне берік болған,

Өтірікті судай ғып сапырмаған.

Банктер кредитке қарыз беріп,

Халықты белшесінен батырмаған.

Дәрігерлер халықты тегін емдеп,

Аурулар ақша іздеп аһ ұрмаған.

Халықтың кені, жері, қазынасы,

Сәбиі де шет елге сатылмаған.

Ол кезде мына менде шопан болғам,

Білесің, үйде тыныш отырмағам.

Жүз қойдан жүз сексеннен қозы алғанбыз,

Қора толы мал болған топырлаған.

Қай заман жақсы екенін осыдан ақ,

Ажыратып алады ақылды адам.

Сүйене берме, балам, тіл-жағыңа,

Білдің ғой шешең шығар кім жағына?

Бейбіт күнде айтысың тұншығып қап,

Бөгет боп тұрған жоқ па жырлауыңа.

Колбиннің тұсында да біздің айтыс,

Түспеген саясаттың шырмауына,

Алаштың ақ жаулығы қайран айтыс,

Айналды ау шекпендінің шылғауына!

Ол кезде Компартия жалғыз болған,

Әр сөзінде болатын бір мағына.

Он партия жиналса осы күні,

Тұрмайды Компартия тырнағына.

Орақ пен балға болған сол партия,

Халыққа жайлы болған ол партия.

Біздегідей бас-басына билік құрып,

Ол кезде болған емес мол партия.

Ақ жалау, қызыл жалау, жасыл жалау,

Одағай болған емес он партия.

Бес жылға жоспар жасап, іс қылатын,

Халыққа беделі бар зор партия.

Он жылға жоспар жасап қойған дей ме?

«Нұр Отан» аты дардай шоң партия.

Жас бала қадіріңді қайдан білсін,

Сағынып кеттім сені, компартия!

Жандарбек:

Ойпырмай, осырақ шал не деп кетті?

Сахнада ауа-райы не боп кетті?

Бәрібір шешең мені қолдайды деп,

Өзін өзі сахнада демеп кетті.

Бұл сөзді айта көрме, басқа жанға,

Халық сізді теңейді ақ табанға.

Хайләйлім деп жер тепсең, аяғыңнан,

Шаң шығарып жүруші ең жас болғанда.

Аяғың аяқасты тоқтап қалды,

Жасыңыз әлі елуден аспағанда.

Шаң шығарған әкеміз қартайғанда,

Астынан газ шығара бастаған ба?

Жандарбек соңыңдағы жас бөрі еді,

Кәрі арлан түсінбеді әсте мені.

Кеңесте бәрі тегін боп еді деп,

Кешегіден келтірген рас дерегі.

Орысқа бодан болған ойыңда жоқ,

Отаныңның жүрегі – Мәскеу еді.

Миллиард пұт астық берген Қазақстан,

СССР-дің жем жейтін астауы еді.

Оңаша отау құрып Алашорда,

Халықты ұлы жолға  бастап еді.

Ұлтымның көш бастаған зиялысын,

Жау санап атып, айдап, асқан еді.

Дінді апиын санайтын большевиктер,

Маркс пен Энгельстің әскері еді.

Құран бетін ашпастан бастарына,

Маркстың капиталын жастап еді.

Атаң – маймыл, ал, шешең – шимпанзе деп,

Шежіре таратқаны масқара еді.

Маймыл кімнен таралды деп сұрасаң,

Жалтақтап, жауап таппай сасқан еді,

Жер-ана адамға енді табынсын деп,

Тәкаппарлық шегінен асқан еді.

Күн көсемге ескерткіш сап әр қалада,

Бәрінің табынғаны тас боп еді.

Шошқа майы, шайтанның шайыменен,

Оразасын орысша ашқан  еді.

Азаттықты таңдайды ақылды адам,

Жөн болар, оған басты қатырмаған.

Кеңес пе сонда сенің көксегенің?

Мұныңа келіспейді ақын балаң.

Құран, Алла, пайғамбар естен шығып,

Күнә бар ма сол кеңес батырмаған?!

Бір күнде бес шақыру былай тұрсын,

Жетпіс жылда бір азан шақырмаған.

Емдеуге бәрі тегін болғанменен,

Өлгенге жаназа да оқылмаған.

Мекке мен Медине емес, Мәскеу барып,

Мовзолейдің тұсында топырлаған.

Осыдан соң жақтайсың қалай ғана?

Талғамыңа таң қалып отыр балаң.

Әкетай, сенің балаң бола алмайды,

Құдайды танымайтын соқыр надан.

Тілегім қайта айналып келмесе екен,

Атеизм дейтұғын  тақыр заман.

Бар иманды ұрлап ап жүрегімнен,

Кәлимамды айтқызбас ақыр заман.

Мен кінәлі емеспін, көне тусаң,

Соңынан Ленин шалдың ере тусаң.

Мен де біраз уәжімді айтайыншы,

Азғантай мұрсатыңды бере тұрсаң.

Орыс тілін сіңдіріп сүйегіме,

Жетпіс жылдың жемісін жеп отырсаң.

Сізден алған дәстүр ғой жастарымыз,

Орысша сөйлегенді көретін сән.

Мен бірақ, домбыра ұстап ақын болдым,

Секілді ұлтқа сәуле төгетін шам.

Әкетай, шыныңды айтшы не істер едің,

Өлеңді орысша айтып, кеп отырсам.

«Ассалаумағалейкум, әке» демей,

«О, батя, здраствуй» деп отырсам.

Балаңның өткен күнде өші бар-ә,

Тұлпардың қызып келеді еті жаңа.

Бала саны көбейіп осы күнде,

Қазақтың келе жатыр көші дара.

Туыңдар-туыңдар деп Тәтімов жүр,

Күйеу мен келіндердің есін ала.

Бұл дағы азаттықтың жемісі ғой,

Бұрылса берекенің беті жаңа.

Ал, сендердің заманың бір түрлі екен,

Сиреген өкіл әке, өкіл ана.

Қой бақтым, қой бақтым деп қопаңдайсың,

Бұл кісінің болыпты ау есі-дала.

Қошқар қылған ерлікті, сіз, қылмапсыз,

Өйткені үйіңде бар екі бала.

Жүз қойдан жүз сексеннен қозы алсаң да,

Жетісіп таптырмапсыз жеті бала.

Айтақын:

Мен емес бұл сөзіңе жаншылатын,

Әкең болды сахнада қарсыласың.

Ол рас, хайләйлім деп ән салғанда,

Білесің, мұртым көкке шаншылатын.

Астыңыздан газ шыға бастады деп,

Бопсың ғой сөз көтермес шамшыл ақын.

Мен басқаны білмеймін шопыр кезде,

Аяғымды басқанда газ шығатын.

Менімен ерегеспе, кеңес енді,

Коммунизм қол созған белес еді.

Дүние жимай кеткен, жемей кеткен,

Қонаев Компартия  кемесі еді.

Жамбылды Жамбыл қылған біле білсең,

Кешегі Компартия кеңесі еді.

Кеңеске жаба берме, жаман атты,

Аузың қайдан үйренген балағатты?

Ол заманда ашаршылық болғанменен,

Қазаққа құдай берген қанағатты.

Сыртқы жаудан, ішкі жау басым болып,

Қазақты қазақ қана талап жатты.

Алашорда жалғауды армандаған,

Кенесары қалдырған аманатты.

Кәпір заман десең де, ақыр заман,

Кеңесім бағалаған азаматты.

Ол заманда, қазақты қазақ сатса,

Бұл заманда, қазақты қазақ атты.

Құба белді шаңдатқан құлагерім,

Ақ жүзіңді алмастай сынап едім.

Ақ пен қара айқасқан бұл айтыста,

Туымды жыға көрме мына менің.

Жалғыз ұл деп ән салған Жүрсін ағаң

Өлеңімен байытқан жыр әлемін.

Желпінер жеті балам болмаған соң,

Мына отырған Жүрсіннің сыңары едім,

Екі балам бар менің екі таудай,

Ал өзім шыңға біткен шынар едім.

Бес балам болмады деп қайғырмаймын,

Ішінде өзің дара шырақ едің.

Бір тілегін әкеңнің берер болса,

Балаларға амандық сұрар едім.

Он балаға татитын сен аман бол,

Мұң-мұқтажын жырлаған мынау елдің!

Еркек – мүсін болғанда, әйел – айна,

Қалжыңды қанжығаға кәне байла.

Тоқал алса қартайып тұрған жоқ деп,

Аманкелді ағаң айтты және ойла.

Бір айтыста әкеңе джип мінгізіп,

Сен өзі жасап кеттің әдемі айла.

Содан кейін жас тоқал әперем деп,

Қу бала қан жүгірттің және бойға.

Жандарбек жас тоқалмен кеп қалар деп,

Мен жаттым Жетісуда дәмелі ойда.

Ойпырмай тоқал да жоқ, тоқаш та жоқ,

Үн-түнсіз сен жоғалдың бәлен айға.

Өтірік айтуды әкең үйретпеп ед,

Әй, бала, қу жүгірмек, уәде қайда?

Жандарбек:

Жақсы әке талабыңды өсіреді,

Жаман әке қақпайлап өшіреді.

Әке, сен өз қамыңды қамдай бермей,

Бір уақыт ойлап қойшы осы мені.

Мен жүрмін дағдарыстан қатын алмай,

Ал әкем жас тоқал деп есіреді.

Шалдың бәрі осылай жағаласса,

Балалар бақытынан кешігеді.

Алдымен кемпіріңді бағып алғын,

Көрпеге қарап әркім көсіледі.

Шешеміз тоқал жайын біліп қойса,

Мәселеңіз май шаммен шешіледі.

Бір талдап жұлатұғын мұртың да жоқ,

Мұрыныңды бұзады осы жолы.

Қараймын қарайғанға қабан ба деп,

Атымды қамшылаймын шабам ба деп.

Осы айтысқа үш бірдей шал кеп отыр,

Көңілін көпшіліктің табам ба деп.

Амангелді Ермегияев бірінші шал,

Уайымдайды демеуші болам ба деп.

Жүрсін деген шал да бір уайымдайды,

Айтысты мен тірілтіп қалам ба деп.

Ал енді Айтақын шал уайымдайды,

Жас тоқал алмаймын ба, алам ба деп.

Әкетай, айтыс болса өліп барад,

Қалжыңдап саған не жоқ, маған не жоқ?

Әрине, жақсы өнерді үйренеміз,

Ел-жұртқа да езуден сый бөлеміз.

Бас кеспек болсадағы, тіл кеспек жоқ,

Айтшы, әке, неменеге именеміз,

Шындықты шырқыратып айтайықшы,

Қалжыңдасып алармыз үйде де біз.

Саясат тауысқан соң сабырымды,

Баса алмас енді ешкім кеп арынымды.

Мен сіздерге айтайын жалғыз дерек,

Дауылпаздай естіртіп дабылымды.

Қытайдағы қандастар құрмет жасап,

Айтысты ардақтайды әлі күнгі.

Өткенде айтыс жайлы кино жасап,

Таусылмас түсіріпті тағылымды.

Үкімет тоғыз миллион қаржы бөліп,

Дамытыпты әдеби жанрмды.

Пекинде сол киноның ашылуы боп,

Қысық көздің қылыпты бәріне үлгі.

Қытайлықтар түрегеп қол соғыпты,

Мойындап қазақ сенің дарыныңды.

Ал бізде кино жасау былай тұрсын,

Қазақы бұл өнердің халі – мұңлы.

Айтысты экраннан алып тастап,

Дөкейлер жөн көріпті жабылуды.

Қайран менің айтысым, байқұсым-ай,

Саясат қиып бітті тамырыңды.

Саудабаев шығарып жаназаңды,

Құл-Мұхаммед қазып тұр қабіріңді.

Қазақтың билігіне таң қаламын,

Қытай құрлы білмеді-ау қадіріңді?!

Ақын менен жыршыға бай қылғасын,

Өнер өлді деп қазақ қайғырмасын.

Бәйгеге шауып жүрген жүйріктерді,

Ақылы жетсе, билік сойдырмасын.

Әкетай айналайын сенде аман бол,

Ешкім сені тағыңнан тайдырмасын.

Жандарбек әкесімен жарысты деп,

Біреулер күпірлікпен ой қылмасын.

Қазақтың қазақтығын дәлелдедім,

Сахнада сізбенен сай қылғасын.

Сізге деген алғысым шексіз менің,

Құлынымнан өсіріп тай қылғасын.

Әкесі өлген балаға біздің қазақ,

Жегізеді деуші еді, қойдың басын.

Мен жемей-ақ қояйын, қойдың басын,

Өзің бастап жүре бер тойдың басын.

Айтақын:

Әйел жайлы айтпайды әлемде кім,

Әйелдерді қоспаған өлеңге кім?

Жас тоқал әперем деп айтып алып,

Артынан түген дедің, пәлен дедің.

Кемпірімді кеміріп жата берем,

Тоқалдан да жоқ енді дәмем менің.

Уәде беріп алып тайып тұрар,

«Нұр-Отан» екеніңді дәлелдедің.

Әке – шаңырақ, ал бала – кереге екен,

Екеуі бір отауға керек екен.

Айналайын, қарағым, бері қара,

Мен саған, тарихтан сыр дерек етем.

Бір кездегі бала Абай, Құнанбайға,

Өзінің ойын айтып келеді екен.

– Әке сізден оздым ғой білім алып,

Сізден менің зейінім зерек екен.

Деген сөзге Құнанбай ашуланбай,

Жауабын салмақтырақ береді екен,

– Құлыным, Құнанбайдай болу үшін,

– Абайдай бала таптыр, деген екен.

Енді мен саған қарай бұрылайын,

Бұл бала мәмілеге келе ме екен?

Бір сауал тағы саған мен тастайын,

Білімің менікінен бөлек екен.

Бұл айтыста сен жеңдің бе, мен жеңдім бе?

Екеуімізді сынаған өлең екен.

Көп алдында көрейін сауал тастап,

Бұған енді Жандарбек не дер екен?

Жандарбек:

Мен неге керегедей керілмеймін,

Елдің сөзін сөйлеуден ерінбеймін.

Жеңдің бе, жеңілдің бе деп сұрайсыз,

Жаңағы сауалыңнан шегінбеймін.

Сөзіңізге астарлап жауап берем,

Қалайша мәре жақтан көрінбеймін.

Әкемнен жеңілсем де осы айтыста,

Шешемнің күйеуінен жеңілмеймін.

Мінеки, біздің айтыс тәмам болды,

Батпаққа тастамассың балаңды енді.

Жеңдім бе, жеңілдім бе біле алмадым,

Әйтеуір шайқасуға шамам келді.

Айтақын өз баласын жеңді ғой деп,

Біреу іштен дауысын саған берді.

Жандарбек өз әкесін жеңді ғой деп.

Біреу іштен дауысын маған берді.

Бұл айтыста өзімді емес, сізді де емес,

Ардақтап айтпаймын ба анамды енді.

Бір емес, екі ақынды баптап жүрген,

Әкетай, бұл айтыста мамам жеңді.

namys.kz

One Response

  1. Ote keremet aitis!!! Kazakhtardi jan-jaktan sinap, kyi talkanin wigardi!!

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: