Беласу:1982-1985 жылдар

Тоқырау дәуірінің бас тұлғасы болған Брежнев қазасынан кейін екі күннен соң, 1982 жылдың 12 қарашасында алып империяның басшылығына Юрий Андропов кірісті. Дауыс беру мен шешім шығаруда «қалыс қалатындар» мен «қарсылар» болмайтын КПСС Орталық Комитеті 1967 жылдан бастап он бес жыл КСРО Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған чекист Андроповтың Бас хатшы болуына «амалсыз» келіскен. Өйткені Андроповқа партия мен билік қайраткерлері туралы қаттаулы мәліметтің бәрі мәлім еді. Экономиканың күйзелісі мен еңбек өнімділігінің төмендеуін Андропов арзан һәм қарапайым: кәсіпорындарда тәртіпті күшейту мен ысырапшылдықпен күрес және басшыларды креслодан айыру әдісімен шешуді ұсынды. Бүкіл елде қолдан тәртіп орнату шаралары басталды. КПСС ОК 1982 жылғы желтоқсан пленумында Андропов кеңестік жоспарлы экономиканың тиімділігін арттыру міндетін қойды. Алайда еңбек өнімділігі 1983 жылдың І жартысында сәл көтерілді де, қайта бәз баяғы қалпына түсті. Краснодар өлкесінде Медуновтың, Өзбекстанда Рашидовтың ісі өтті. Грузияның бірінші хатшысы Шевернадзенің басшылығымен аппараттағы 300 жауапты қызметкер жұмыстан алынды. Мемлекеттік қазынадан 9 пәтеріне ақша бөлінген, әрбірінің құны 200 000 сом тұратын 3 саяжайы, бірнеше «Мерседес-бенц» көлігі, өзінің отбасына ғана арналған арнайы дүкені болған Ішкі Істер министрі Щелоковты партиядан шығарып, қызметтен алып тастады, тұтқындау алдында ол өз-өзіне қол жұмсады. Хатшылыққа келмес бұрын ашыла бастаған қызының үйлену тойына Эрмитаждан «жалға» деп «ІІ Екатерина сервизін» алған Саяси бюро мүшесі Г. Романовтың, «Үлкен уылдырық ісі» аталған Балық шаруашылығы министрі А. Ишкаковтың,  Брежневтің қызы Галинаның «Бриллиант ісі» жалғасып жатты. Бұлардың барлығы Брежневтің «өнімдері» еді. 2 жылдың ішінде партияның 50 белсендісіне жаза тағайындалды. Парақорлық, еңбек тәртібін бұзу себебімен Андропов кезеңінде 150 облыстық хатшының 47-сі жұмыстан кетті. Мәскеуде партия басшыларының – 31, Украинада – 34, ал Қазақстанда – 32 пайызы ауысты.

1983 жылы Қарағанды көмір бассейнінде қара отынға бай Шұбаркөл кен орны ашылғанда, осы өлкеде, 600-мыңыншы тұрғыны дүниеге келді. Елдің түкпір-түкпірінде жаңа өндіріс орындарының құрылысы басталып, пайдалануға беріліп жатты. Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинатында қуаты 1 миллион тонна кокс батареясының құрылысы басталса, Жамбылдағы жыл сайын алпыс мың тонна өнім беретін жаңа фосфор зауыты фосфор қышқылын өндіретін кешенмен толықты. Ал Шымкентте шина зауыты ашылды.

1983 жылы Совет Одағы екі жылдан бері АҚШ Президенті, актер Рональд Рейганның үгіт насихат үшін көтеріп жүрген «Нөлдік нұсқа» жоспарына үн қосты. Бұл жоспар бойынша АҚШ Батыс Еуропада «Томагавк» зымырандарын орналастырудан бас тартуы, ал КСРО тарабы еуропалық өңірдегі SS-20, SS-4 и SS-5 кеңес ракеталарын жоюы тиіс еді. Рейганның Совет Одағына бағыттап «Зұлымдық империясы» деп сын білдіруі де осы жыл. Іле шала АҚШ басшысы ғарыштық «стратегиялық қорғану бастамасын» көтерді. Анығында бұл «жұлдыздық» жоба миллиардтаған шығынды қажет ететін және оған қос империяның да экономикалық қуаты жетпейтін. Салқын саяси соғыстың самалымен қос тарап өзара дипломатиялық ноталар жөнелтумен болды. Андропов билігінің оныншы айында бүкіл әлемдік баспасөз бен әлем басшылары сөздерінің  бас тақырыбына айналған халықаралық дау болды. 1983 жылдың 1 қыркүйегінде Лаперуз бұғазында Кеңес одағының әскери ұшақтары Korean Airlines компаниясының Боинг-747 ұшағын жарып жіберді. Одақтағы билік пен басылымдар бөгде елдің ел шетіне енген ұшақтарын американдықтардың құпия қызметінің барлаушылары деп бағалады. Себебі ұшақ Одақтың әскери базалары тұсында бұйрыққа бағынбай ұшып жүрді. Ал әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары бұл ұшақтың азаматтық ұшақ екендігін және онда екі жүз елудей бейбіт жолаушының барын жарыса жазды.

КПСС ОК 1983 жылғы маусым пленумында Бас хатшы Андропов социалистік қоғамның даму проблемаларын «Біз өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды білмейміз» деп сынға алған Андропов бастамалары аяқсыз қалды, себебі 1984 жылдың басында Андропов «сән салтанатты» жерлеу дәуірінің бір кейіпкеріне айналды да, оның орнын қарт Черненко алмастырды. Еңбеккерлерге жұмыстан бір минутқа кешіккені үшін ескертулер мен қатаң сөгістер берілді, дүкен, монша, кинотеатрда жұмыс уақытында «сейіл» құрушылардың төлқұжаттары тексеріліп жатты. Спорттық іс шараларды жұмыс уақытымен қатар өткізуге тыйым салынды. КСРО Министрлер Кеңесі жұмыс күні ішінде дәлелді себепсіз үш сағаттан астам уақыт жұмыста болмаған еңбеккерлерге қыдырымпаздарға лайық жаза қолдану жайында қаулы етті. «Тәртіпшіл» он бес ай елдің тоқырау үрдісіне осындай эпизодтық оқиғалардан өзге, айтарлық өзгеріс енгізе қоймады.

Черненконың өмірнамасындағы бір деректің ұшы Қазақстанмен де байланысты: ол әскери борышын Талдықорған облысына қарасты №49 Қорғас шекара заставасында өтеген. 1931 жылдан КПСС мүшесі Константин Черненко билікке келгенде жасы жетпіс үште болды. Бұл сол жылдардағы қалыпты құбылыс етін. Черненконың ел басқаруға күш қайраты болмады, хатшылық кезеңінің біраз бөлігін Орталық клиникалық ауруханада өткізді. КПСС ОК саяси бюросының отырыстары аурухана палатасында өтті.

80-жылдарға тән дерт – көп жоспар жобалардың ықылас пен дұрыс экономикалық саясаттың болмауы себепті қағаз жүзінде немесе жарым-жартылай күйде қалуы еді. Бір 83-тің өзінде Қазақстанда өндірістік нысандарды салу жоспары 58, тұрғын үй салу 48, балабақшалар  салу 23 пайызға ғана орындалған. 1983 жылы Шүлбі СЭС-ін салуға бөлінген 14 миллион сомның 57 пайызы ғана игерілген, соңғы екі жылда 4 миллион сом ақшаның құрылыс жұмыстары жүргізілмей қалған.

 Қазақ КСР Жоғарғы Советі Төралқасының төрағасы Саттар Имашевтің қазасына байланысты Қазақ Компартиясы ОК бюросының, Қазақ жоғарғы советтік партия тобы мен старейшиналар советінің тапсыруы бойынша Дінмұхамед Қонаев осы орынға депутат Бәйкен Әшімовті ұсынды. Ал 1984 жылы наурыздың 22-сінде Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне Нұрсұлтан Назарбаев тағайындалды.

1984 жылы Қазақстан Жазушылар Одағы өзінің 50 жылдығын атап өтті, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы «Қазақ КСР Халық жазушысы» құрметті атағын бекітті. Соңғы сегіз жылдықта социалистік жарыстың жеңімпазы, білім мен ғылымның қара шаңырағы Қазақтың Киров атындағы мемлекеттік университеті өзінің 50 жылдығын атап өтті. Ал Павлодар трактор зауыты «Қазақстан» аталатын 500 мыңыншы тракторын құрастырып шықты. Құмкөл өңірінен 15 мұнай-газ кендері, сондай-ақ, Майбұлақ, Ақшабұлақ, Арысқұм, Қоныс, Қызылқия, Нұралы, Ащысай, Ақсай, Ақшабұлақ, Бектас мұнай-газ кен орындары ашылды.

1984 жылдың әлемдік оқиғасы Советтер Одағы бастаған социалистік елдер Лос-Анджелес Олимипиадасына қатыспайтындықтарын мәлім етті, бұл бойкотқа Румыния мен Қытай ғана қосылмады.

Сексенінші жылдардың орта шені экономиканың қарабайыр сұлбасы, бейберекет әрекеттер, жоспарлаудағы анархия, саналы түрде мемлекеттік масштабтағы өзін өзі алдау, баға қалыптастырудағы ғылыми дәйексіздік тән еді. Көптеген кәсіпорындар үшін «Жаман болған сайын жақсы» дейтін пессимистік түрде жұмыс жасау қолайлы бола бастады. Жағдай тұйыққа тірелді, ал Қазақстан деформацияланған экономиканың көрнекі мысалына айналды. Көптеген министрліктер мен ведомстволарда техникалық прогрестің айқын тактикасы мен стратегиясы болмады. Өнеркәсіп халық тұтынатын тауарлардан бұрын, шикізат көлемін көп қажет ететін өнім шығаруды жөн көрді. Металға бай елде көкөніс пен жеміс-жидекті консервілейтін қарапайым қақпақтар қат еді. 1984 жылы сатуға арналған сауда жәрмеңкесінде өнім сапасы мен алуан түрлілігі сай келмеуі салдарынан 500 000 теледидар, 115 000 радиоқабылдағыш, 250 000 фотоаппарат, 1,5 миллион сағат, 180 000 тоңазытқыш сатылмай қалды. Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үш жыл ішінде 2,7 миллион жұп хром аяқ киім кем берді, ал оның орнын толтыру, жоспарды орындай салу үшін есесіне 1983 жылдың өзінде ғана белгіленген мөлшерден тыс 1,6 миллион жұп үйде киетін шәркей шығарып, сауда орындары оны сатып алудан бас тартты. Мұның барлығы экономикалық заңдылықтарға назар бұрмаудан туындаған олқылықтар еді. «Мерекеге мол тарту», «Мерзімінен бұрын», «Халықтар мүддесі үшін», «Жоспардан тыс», «Жоспарды орындау заң» мерзімді баспасөздегі айдарлар тұтас елдің бағытын көрсетіп тұрды.

1984 жылы Тың және тыңайған жерлерді игерудің 30 жылдығына орай Ленин атындағы Республика сарайында салтанатты отырыс өтті. 60-жылдардың соңы мен 80 жылдардың орта шенінде Кеңестер Одағында 8 рет қуаңшылық орнап, астық жетіспеушілік орнады. Олардың бірі – 1984 жылы болды. 1978 жылмен салыстырғанда, осы жылы астық көлемі 237 миллионнан 173 миллион тоннаға төмендеп кетті. 1979-1984 жылдары елге жыл сайын 40 миллион тонна азық-түлік сырттан тасымалданатын. Әлемнің қырық еліне трактор экспорттайтын елдің ауыл шаруашылығындағы өнімділігі гектарына он бес центнерден аспады. Алайда 30 жылдық жиында 1964-1974 жылдар аралығында Қазақстанның үш мәрте, ал оныншы бесжылдықта іс жүзінде әр жыл сайын милилард пұт астық бергендігі, 80 жылдары өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша КСРО Еуропада бірінші, әлемде екінші орын алатындығы тәрізді жетістіктер айтылды.

«Қой санын елу миллионға жеткіземіз» деген ұран өрісінде талай талантты қыр баласы білім, ғылым ізденуге емес, қойдың соңынан кетті. Ауылдың, өсімдік пен мал шаруашылығының өскені жақсы-ау, бірақ, отыз алты миллионнан енді асқан қойды межеге жеткіземіз дегенше, халықтың бұл буыны білімнен алыс қалмаса жарады.

100 саулықтан 200 қозы-лаққа дейін алатын социалистік жарыстың астарында наградамен қуантып қою ғана болды. Аты жоспарлы, бірақ заты жоспарсыз экономика билеген елде партия тапсырмасы бойынша Алматыға келген Орталық Комитет мүшесіне кәде сый етіп ұсынуға дәстүрлі қазақтың ұлттық қалпағын табу қиын боп қалды. Миллиондаған қойы бар Қазақстанның ішкі тұтынуын ескерусіз, бүкіл өнім, қырқылған жүн де орталыққа жөнелтіліп отырған.

80-жылдар елдегі ішкі қайшылықтар тым тереңдей түскен, бұл ең алдымен партиялық номенклатураға берілген артықшылықтарға байланысты туындаған пікір еді. Әлеуметтік саладағы қиын түйін – тұрғын үй тапшылығы болатын.  КСРО-да 300 қалада су құбырлары мен кәріз жүйелері болмады. Ал 1984-1985 жылдары қарқын алған Жастар тұрғын үй кешені «МЖК» жобасы оң баға алған аз істің бірі болды, осы бағдарлама аясында Совет одағында төрт милилон жан үйлі болды. «Тоқыраудың» соңғы жылдары ұлттық салт-санадан гөрi кеңестiк салт-сана көбiрек дәрiптелдi. Ұлттық республикалардың қоғамдық-саяси өмiрiнде еуроцентризм басымдық алды. Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, еркiн ой-пiкiрге тыйым салу үдеді. Осы жылдары «алты жасар» оқу жүйесіне көшіп, 1 қыркүйекті ресми түрде Білім күні деп бекіткен ҚазақССР Оқу министрлігі «Коммунистік дүниетанымды қалыптастырудағы маңызды бағыттардың бірі – оқушылардың атеистік көзқарасы мен діни идеологияға ымырасыздыққа тәрбиелеу» бағытында жұмыс жасады.

             «Андропов қазасында «Біздің партиямыз бен мемлекетіміздің  басшысы ретінде Андропов жолдас тым қысқа, өзекті өртердей тым қысқа мерзімде еңбек ете алды»  деп сөз сөйлеген Черненконың өзіне де дәл осы сөздер тым қысқа уақытта айтылды. 1985 жылы Черненко бір жыл жиырма бес күн билік етуден соң қайтыс болды. Тәулік салмай жатып, алып империяның соңғы нүктесін қояр Михаил Горбачев таққа отырды. «Тоқырау» дәуірін қатаң сынға алған ол, «қайта құру» заманының туғанын жария етті. Қайта құру алкоголизм дертімен күрес кампаниясымен өрбіді. Тоқырау жылдары спирттік ішімдіктерді тұтыну 1952 жылғы жан басына шаққанда 1,9 литрден 1984 жылы 14,2 литрге жетті, КСРО да әр жан басына 22 литр арақтан келді, оның ішінде спирті мол өнімдер үлесі 70 пайызды жуықтады. КСРО ішімдік ішуден 28 дамыған елдің арасында үлкен алшақтықпен көш бастады. Ал Қазақстанда Ресейге қарағанда 30% аз, ал Орта Азияның басқа елдермен салыстырғанда 40%  көп арақ ішілді. Елде демократия дейтін батыстық сөз жиі естіле бастады. Горбачев заманасы алда әлі талай сырды бойына бүгіп тұрды…

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: