Қазақ киносына ұлттық көзқарас керек

ҚР Премьер-министрі К.Қ. Мәсімовке

ҚР Мәдениет министрі М. Құл Мұхамедке

ҚР Парламенті Сенатының депутаттарына

ҚР ПС Әлеуметтік-Мәдени даму комитетіне

Мәдениеттің ең бір өзекті саласы – кино. Киноны бәзбіреулер жоба, өнер деп қана бағаласа, үлкен экранға жол тартатын туындының толық құнын ұқпауынан деп ұғамыз. Әйтпесе бүкіл әлем киноны ақпараттық соғыстың, елді мансұқтаудың емес, ұлтты ұлықтаудың құралына айналдырып отыр. Сондықтан біз ұлттық көзқарасқа салғанда, қазақ киносының тұсауы кесілмеген баладай шалынып-жығылуын осы саладағы ұлттық саясаттың жоқтығынан көреміз.

Біраз уақыт бұрын «көпвекторлы» келсап фильмнің дауы көтерілгенде, «бұл бізге дейін басшылық кезінде бекітілген» деген еді қазіргі «Қазақфильм». Ал одан кейін іске асқан жобалардан да «мемлекет құраушы ұлттың мәдениетін дәріптейік, көтермелейік» дейтін пейілді байқай алмай отырмыз.

«Қазақфильмге» бөлінетін 4 миллиард теңге әлемдік кинодержавалардың өлшеміне салғанда тиын-тебен татыр. Бірақ мұнда әрбір салық төлеуші қазақтың табан ет, маңдай терінен жырып берген үлесі бар. Үлесі бардың үн шығаруға құқысы бар. Дербес кинокомпанияларға нарықтық дәуірде талап қою қиын, ал «Қазақфильм» ұлт киносының көсегесін көгертуші әрі қазақ киносындағы ұлттық идеология дегенде өзгелерден оқ бойы озық тұруы тиіс.  

Қазақ қызын ардақ тұтып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мәпелеп өсірген. Ал сол қазақты, оның қызын мазақ ететін, масқаралайтын «Келінін» «Оскарға» ұсынғанын дәреже көретін, «Ирония любви»-іне алғашқы аптада барған 70 000 көрерменіне өз қызын өзгенің қойнына салғанын көрсеткенін қуаныш көру –  жақсылықтың нышаны емес. Кешеден басталған бұл құбылыстың бүгін де тоқтар түрі көрінбейді. Жарыққа шықпаған «Нереальная любовь», «Қара майор» фильмдерінен де қазақ қызының орыс мұжығына деген ынтызар, ғашықтық құмарлығын көреді екенбіз. «Астана – махаббатым менің» де –  осының кебі. «Киномды көрсетпесеңдер, елден кетем» деп кергитіні және бар. «Біз таланттылар санатынанбыз» дейтіндердің Отанына деген махаббаты осы ма?

2009 жылдың қарашасында «Қазақфильмге» барып, бүгінгі киноның күйімен танысқанда, Елбасы «Қазақтың еліне, жеріне махаббат жағдайлары болу керек. Алып империя бар жанымызда. Қазақтың болашағы қалай болады, қалай сақтап қаламыз, осыны ойлау керек» дегенді айтқан. Өзгенің құшағында мыжылып жатқан қазақ қызының кейпі кімге деген махаббатты оятпақ? Елбасы «Кино жастарды патриотизмге тәрбиелеуі керек» дегенде «Қара майорды» алға тартқан еді басшылар. Империялық көзқарасты орыс азаматының қолынан шыққан туынды қазақ баласының Отанға деген сүйіспеншілігін қаншалықты оята алмақ?

Өмірді өнерге көшіре салу өнер дегенді білдірмесе керек. Қазақ киносының төрінде отырғандар осыны түсінбей отыр. Ал егер түсінген болса, қазақтың намысына тиер мұндай дүниеге ерік бермесе керек-ті. Яғни, әдейі жасап отыр. Әйтпесе, «не көрсеткеніміз маңызды емес, бастысы ақша тауып, өзін-өзі ақтаса болды» дейтін көзқарас. Бәрі қауіпті. Құлдық қамытынан, жалтақтықтан сана-болмысын ажырата алмай жатқан халық үшін бұл да бір соққы. Жау жағадан алғанда, етектен тартар бөрі осы. Әйтпесе, жырау бабаларымыз жаугершілік заманда, жаны қысылып, рухы шапшығанда: «Атаңа  нәлет ата жау! Айғайлап майдан ашпасам, Қаныкейдей көріктіңді, Тінікейдей тектіңді! Аямай төс астына баспасам, Жер басып тірі жүрмен-ді» деп босқа шамырқанбаса керек-ті.

Қазақ киносында ұлттық мінез көрініс таппай, ұлттық кино туралы айту қиын. Қазақ киносындағы соңғы уақыттағы ұлттық сипаттан ада құбылыстар мемлекеттің негізгі ұйытқысы саналатын қазақты ұлықтау деп айта алмасақ керек-ті. Сілкініс керек. Сілкініс жасай алмайтындар тізгінді босату керек-ті.

Ұғынар ұяты болса…

 

PS. Сәуірдің орта шенінде «abai.kz» ұлттық порталының ұйымдастыруымен «Қазақ киносына – ұлттық көзқарас» атты жиын өткен. Сол жиында бас қосқан азаматтардың қазақ киносына қатысты бірнеше ұсыныстары жинақталды:

1. «Қазақфильм» өндірісінен шығатын кинолар қазақ мүддесі, ұлттық идеология биігінен орын табуы тиіс. Кинода көрініс табатын қазақ ұлтына қатысты әрбір көрініс, әрбір деталь біздің болмысымызға сай болуы қадағалануы керек

2. Өмірді өнерге көшіре салу өнер дегенді білдірмейді. Кинопродюсер мен режиссерлер шын талант, ал кино өнер болса, Қазақстанның сыртқы имиджін көтеруге, ұлттық идеологияға қызмет жасауы тиіс. Қазақ тарихындағы өзіндік орны бар тұлғаларды халық санасында сақталған қалыпта және қазақ актерларының сомдауы тиіс.

3. Қазіргі таңда көркемдік кеңес өнім дайын болғанда, формальды түрде қол қоюшылардың қызметін атқарып отыр. Мұны сол кеңеске мүше азаматтардың өздері де айтып жүр. Сондықтан, көркемдік кеңеске қазақтың тарихына, тіліне, дініне, мәдениеті мен дәстүріне қанық азаматтарды мүше етіп, олардың киноны сыннан өткізудегі құзіретін арттыру керек.

4. Экранның бір міндеті жастардың ауа жайылмасы үшін, жағымды, оң образдағы кумир, үлгі тұтар кинотұлғалар тобын қалыптастыру. «Қазақфильм» түсірген әр туындыдан отансүйгіш, елжанды үлгі тұтар кейіпкерлер болуы керек.

 

Құрметті Премьер-министр мырза! Құрметті министр! Құрметті депутаттар!

Аталған мәселеге байланысты жауаптарыңызды, Сенат отырысында көтерулеріңізді күтеміз.

 

Үн қосқан журналистер тобы:

БАРЛЫҒЫ 25 адам қол қойған

 

Рақат Жақсыбай, «KZ» жастар жобасы Дәурен Бабамұрат, «Алаш ұлт патриоттар жалғасы» Кәмшат Тасболатқызы,  «Айқын» газеті Жанар Елдосқызы, «Ана тілі» Өркен Кенжебек, «Жас қазақ» Жарас Кемелжан, «Общественная позиция» Ағабек Қонарбайұлы, «Жас қазақ» Асқар Беков, «Дала мен қала» Гүлзина Бектасова, «Түркістан» Айдос Алтынбек, «31 арна» Ерлан Әбдірұлы, журналист Арман Әубәкір, «Экономика» Мұрат Есжан, журналист Руслан Желдібай, журналист Мәулен Алғазы, журналист Қанат Әбілқайыр, «Болашақ» Мұрагер Сауранбаев, журналист Мақсат Сералиев, «arhar.kz» порталы, Нұрмұхамед Байғара, журналист Біләл Қуаныш, «Ана тілі» Інжу Мұратқызы, журналист Ақмоншақ Жұмай,  «Қазақстан-заман» Ринат Қайыртайұлы, «Дала мен қала» Айсұлу Молдабек, «Caspio» спутник арнасы, Мақпал Мадияр, журналист 

 

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: