Беласу:1995-1998 жылдар

1995 жылдың көктемінде елде билік бөлінісінің қарама-қайшылықтары тым тереңдеп кетті. 1 жыл ішінде 177 депутаттан құралған Жоғарғы Кеңестің 13-ші шақырылымы тек 7 заңды дайындап шығарды. 1995 жылғы наурыздың 6-сы мен 11-і аралығындағы оқиғалар билікті біртұтас шоғырландыру дәуірінің басталуы еді. Жоғарғы Кеңес 1 күні кем 1 жыл ғана жұмыс жасады. Барлығы тіркеуден өтпей қалған Квятковскаяның сотқа талап арыз түсіруінен басталғандай көрінген. 22 томға жиналған істі бір жылға жуық қараған Конституциялық сот Парламент сайлауын заңсыз деп тапты. Екі күннен кейін, Президент Конституциялық сот қаулысына қарсылық білдірді. 9 наурызда осындай әрекетті Жоғарғы Кеңес төрағасы Ә. Кекілбаев қайталады. Алайда келесі күні Конституциялық Сот Президент пен Жоғарғы Кеңес Төрағасының қарсылығын еңсеріп, қаулыны өз күшінде қалдырды. Наурыздың 11-і, сенбі күні Назарбаев Жоғарғы Кеңесті тарату туралы қаулы қабылдап, Үкіметті отставкаға жіберді. Кейінірек осы шешімнің авторы болған Конституциялық Сот таратылды. Бір тараптан, Олжас Сүлейменов бастаған депутаттардың бір тобы «Конституциялық Соттың шешімін заңдық емес, саяси шешім» деп мәлімдеме жасап жатқанда, «Парламент мемлекеттің заңдық дамуына тосқауыл болды» дегенді алға тартқандар бір жылдық шығыны – 1 миллиард 258 миллион теңгені құраған, жеті заңға ғана автор болған Кеңестің баяулығын сынға алып жатты. Сол тұстары Олжас Сүлейменовтің «В Москве парламент разгоняли танки, у нас хватило Таньки» дейтін мысқылды сөзі танымал боп кеткен-ді.

1995 жылдың 29 сәуірінде жалпы халықтық референдум өтіп, онда Президент өкiлеттiгi 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейiн ұзартуға келiсесiз бе?” деген бір ғана сұрақ қойылды. Референдумға қатысқандардың  95%-ы өкілеттілікті ұзартуға дауыс берді. Билік бөлінісінің теңгермешілігін қалыптастыру және біртұтас мемлекеттік құрылымды жасақтау үшін Жаңа Конституция ел назарына ұсынылды. Ата заң жобасына азаматтар тарапынан 30 000 ұсыныс түсті, жобадағы 99 баптың 55-і өзгеріске түсті. 1995 жылдың 30 тамызында халықтың 81,9 пайызы жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Екінші Конституция президенттік биліктің ықпалын арттырып, заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің нақты жүйесін бекітті. Алайда 1995 жылдың наурызы мен желтоқсаны аралығында елде заң шығару билігі болмады. Бұл жүкті Президент өзі атқара отырып, нарықтық қатынастарды реттейтін бірнеше буын нормативтік құжаттардың қабылдануын жеделдетті. Осы уақытта Елбасы 134 заң күші бар Жарлық шығарды және 60 ратификациялық құжатты бекітті. Сенат пен Мәжілістің бірінші шақырылымына сайлау 1995-тің желтоқсанында өтті.

Елдегі саяси һәм өзге де өзгерістер қиын экономикалық, әлеуметтік жағдайлар барысында өрбіп отырды. Мәселен, 1994 жылы жан басына шаққандағы кіріс 408 теңгені ғана құрады. 1990 жылмен салыстырғанда, 1995 жылы жалпы ішкі өнім 38,6%, жалақы 70%-ға құлдырады. 1993-1995 жылдар аралығындағы ішкі көшке 985,5 мың адам қатысты, көштің 70%-ы ауылдан қалаға ағылғандар еді. Мемлекеттің макроэкономикалық тұрақтандырудың қатал саясатына байланысты 1995 жылы ғана ай сайынғы 23,5 %  инфляция 4 %-ға дейін төмендеді.  Осындай қиын жағдайларға қарамастан 1995 жылдың 15 қыркүйегінде ел астанасы Ақмола қаласы болатындығы жарияланды. 1995 жыл Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтумен есте қалды. Дана кемеңгердің мерейтойы Қазақстанда ғана емес, Париж, Анкара, Дели мен Бейжіңде, Каир мен Будапеште аталып өтті. Туып өскен Жидебайда мемориалдық кешен – мұражай пайдалануға берілді. Осы жылы Сауд Арабиясында, Литвада, Кореяда, Израильде Қазақстан елшіліктері ашылды, Венадағы халықаралық ұйымдар  жанындағы тұрақты өкілдігінің іргетасы қаланды. Партизан Қасымов, дәрігер Әлиев, қос ғарышкер Тоқтар мен Талғатқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді. 1995 жылдың 3 мамырында «Батыс Қазақстан – Құмкөл» мұнай құбыры іске қосылды. Осы жылы тәжік-ауған шекарасында Пшихавр шатқалындағы әскери ұрыс кезінде Қазақстан Республикасы Ішкі әскерінің 17 жауынгері ерлікпен қаза тапты. 1995 жылдың 26 мамырында континентаралық баллистикалық зымырандардың 1219 данасы және ауыр оқтұмсықтардың соңғы буыны залалсыздандырылды.

 

1996 жылы жаппай жекешелендіру науқанының үшінші кезеңі басталды. Мемлекетсіздендіру бағдарламасына қосылған кәсіпорындар алдымен 100 пайыз мемлекеттік акционерлік қоғам формасына ауысып, кейін оның оннан бір бөлігі сол кәсіпорын қызметкерлеріне тегін үлестірілді. Бұл үлес көбіне басшыларға тиесілі болды. Акцияның 51 пайызы купондық аукционға сатылымға қойылды. 1996-1998 жылдар аралығында мемлекет меншігінен 14 686 нысан жекеге берілді. 1998 жылға дейін елімізде жеке кәсіпорындардың саны 88817-ге жетті. 1993-1994 жылдары тікелей шетелдік инвестициялардың басымы мұнай-газ саласына бағытталған болса, 1995-1997 жылдары бірінші орынға түсті металлургия шықты. Шетелдіктердің көзіне іліккен үшінші сала – қара металлургия болды. Капитал құю үлесі бойынша Корея 1995-1996 жылдары АҚШ-ты басып озса, 1997 жылы Ұлыбритания бірінші орынға шықты.

1996 жылдың 30 қаңтары. Қос палаталы Парламенттің алғашқы отырысы. Сенатқа 19 облыс пен сол кездегі елдің ордасы Алматыдан 2 адамнан 40 депутат сайланды, 7 депутатты Президент тағайындады. Мәжіліске мажоритарлық жүйемен 67 депутат сайланды. Сенат Төрағалығына Өмірбек Байгелді, Мәжілістің жетекшілігіне Марат Оспанов жайғасты. Саяси сахнадағы бұл оқиғалар  мұнай-газ саласындағы өзгерістер ағынымен қат-қабат келіп жатты. 1996 жылдың сәуірінде Қазақстан, Ресей, Оман және Халықаралық мұнай компаниялары консорциумы КТК мұнай құбырының құрылысын жүргізуге келісті. Бұл келісімде Қазақстанның 19 пайыздық үлесі болды. Сондай-ақ, «Баку-Батуми-Супса» мұнай құбырының құрылысын жүргізу келісіміне қол қойылды. Каспий халықаралық консорциумы 1996 жылдың жазында Каспийдің қазақстандық бөлігіндегі мұнай кен орындарының топографиялық түсірілімін аяқтады. Аймақтың мұнай қоры 26-60 миллиард баррель деп бағаланды.

1996 жыл – Жамбыл Жабаев жылы болып жарияланып, елдің түкпір-түкпірінде ақын мерейтойына орай іс-шаралар өтті. 1996 жылғы 23 мамырда Астанада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылды. Ел президентінің Малайзия, Түркменстан, Жапония, Австрия мен Испанияда елшіліктер ашу туралы Жарлығы шықты. Осы жылы ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты «ов», «ев», «ин» жұрнақтарынан арылу тәртiбi бекітілді. Қазақтың арғы бергі тарихындағы тұңғыш рет 1996 жылы мемлекеттiк шекара мәселесінде 69 шекара нүктесі бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімге қол жетті. «Шанхай бестігі» ұйымының негізі қаланғаны да осы жыл. 1996 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздіктің 5 жылдығына орай Алматының орталық алаңында Тәуелсіздік монументі ашылды.

Одақ құрамындағы елдер арасындағы барлық байланыстардың үзілуінен туындаған экономикалық қиындықтар 1997 жылы да жалғасып жатты. Мәселен, ауыл шаруашылық құрылымдарының 94 %-ы техника, жер мен төрт түліксіз қалды. Ауыл тұрғындарының 80%-ның табысы күнкөріс шегінен төмен болды.

Осы жылы Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші болып, өзінің зейнетақы жүйесін Чили моделіне ауыстыруды бастады. «Зейнетақымен қамтамасыз ету» деп аталатын заң бойынша, 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап, азаматтар өз табыстарының 10 пайызын дербес зейнетақы қорына аударуы міндеттелді.

1997 жыл – қоғамдық келісім мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған жыл болып бекітілді. Тәуелсіз демократия жолымен даму үшін тоталитаризм, бодандық қамыты, отаршылдықтың қайдан басталарын білу маңызды еді. Мұны елбасы жақсы түсінді. Түсінді де, атақты 37-нің, сталиндік қанды қасап зобалаңының 60 жылдығына тұспа-тұс келген жылды қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арнады.

Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі – 1993 жылғы сәуірдің 14-індегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» құжат еді. Геноцид жылдары Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың қазақтың қаймақтары ату жазасына кесілген. Атаулы жыл аясында Ақмолада саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. 31 мамырдың Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын Еске алу күнi деп белгіленуі туралы Жарлық та осы жылы шықты.

1997 жылдың 10 қаңтарында бауырлас қазақ, қырғыз, өзбек мемлекеттері арасында «Мәңгілік достық» туралы келісімге қол қойылды. 4 наурызда – Мұнай-газ өндірісі министрлігі таратылып, Президент Жарлығымен «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы құрылды. Осы жылдың қыркүйегінде қазақша күрестен тұңғыш әлем чемпионаты өтті. Қажыгелдин үкіметі тұсында ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды мектеп жасына дейiнгi бүлдiршiндер тәрбиеленетiн 8881 балабақшаның 25 пайызы 1997 жылы жекешеленіп кетті.

1997 жылдың көктемінде «ҚазТрасОйл» мұнай тасымалдау ұлттық компаниясы құрылып, мұнай газ секторын жекешелендіру әрекеті басталды. Бірінші болып «Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамның 60 %-дық бақылау пакеті «Қытайдың ұлттық мұнай компаниясына» сатылды. Президент Назарбаевтың 18 қарашадағы Вашингтонға сапары барысында «Қарашығанақ» кен орнын бөлудің соңғы келісіміне қол қойылды. «Қарашығанақ Петролеум» бойынша  Италия, Ұлыбритания, АҚШ және Ресей инвесторлары үлеске кірді.

Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих жылы болып жарияланған 1998 жылы Қазақстанның Еуропаға жолы басталды. Еуропалық Одақпен әріптестік пен ынтымақтастыққа алғышарттар жасалған «Қаңтар келісімімен» қатар, осы жылы ХХІ ғасырға бағытталған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында мәңгілік достастық Декларациясына қол қойылды.   

1998 жылы Каспийде бірінші мұнай скважинасын бұрғылау шарасы басталды. 20 қаңтарда  Президент Жарлығымен Отан қорғаушылар күні, Спорт күні, Білім күні, Ұлттық валюта күні кәсіби мерекелері бекітілді. Астана қаласының Елорда қызметіне толық кірісуіне байланысты, осы жылы тарихи, мәдени, қаржылық ерекшеліктеріне байланысты Алматы қаласына ерекше мәртебе берілген заң қабылданды.

1998 жылдың 6 мамырында Жетісудан Сарыарқаға көш тағы бір өзгеріспен өрнектелді. Елорданың Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Мемлекеттің орталығын тоғыз жолдың торабы, солтүстік шепке көшіру ең алдымен ұлттық қауіпсіздік, қайсыбір шовинистік пиғылдарды тойтаруда маңызы зор еді.           

2 жауап

  1. Бізде беласу ешқашан бітпейтін шығар…

  2. Солай болып тұр!!!

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: