Каспий мәселесі

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін оның Каспий теңізі жағалауындағы басқа елдермен теңіздегі мемлекеттік шекарасы пайда болды. Теңіздегі шекара бұрын екі мемлекеттің, яғни, Кеңес Одағы мен Иранның мемлекеттік шекарасы болса, КСРО-ның ыдырауынан кейін теңіз жағалауында бірден бес мемлекеттің мүдделері түйісті. Теңіздегі мұнай қорының молдығы мен КСРО сияқты алпауыт мемлекеттің күйреуінен аймақтағы геосаяси жағдайдың күрделі өзгеруі, батыс мемлекеттерінің аймақтағы саяси-экономикалық жағдайға белсенді араласа бастауы онсыз да қиын мәселені одан әрі күрделендіріп жіберді. Каспий теңізінің мәртебесін анықтауда осы теңіздің жағалауында орналасқан бес мемлекеттердің мүддесі түйісуде.

1992 жылы Каспий теңізінің жаңа құқықтық мәртебесін анықтау мақсатында Каспий мемлекеттері арасында келіссөздер басталды. Осы мақсатта Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеу жөніндегі Арнайы жұмыс тобы құрылды. Жағалаудағы мемлекеттер құрған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеудің негізгі тетігі – сыртқы істер министрлері орынбасарлары деңгейіндегі Арнайы жұмыс тобының тиімділігінің арқасында соңғы кезде осы мәселе бойынша пікірталасты практикалық жолға қоюдың және Конвенция жобасы мәтінінің көптеген баптары бойынша келісудің сәті түсті.

Сонымен қатар, бұл теңіздің өз ерекешеліктеріне байланысты АҚШ, ҚХР, Еуропалық Одақ сияқты әлемнің жетекші державалары аймақтағы жағдайға ерекше көңіл бөлуде. Каспий теңізі әлемдегі ішкі континенталды су қоймасының ең ірісі, оның су бетінің көлемі шамамен 440 мың шаршы шақырым құрайды. Мұнда қызыл балықтың әлемдік қорының 90%, 30-ға жуық жануарлар мен қызыл кітапқа енген өсімдіктердің 20-дан астам түрі өседі.

Каспий теңізі мен оны қоршаған территориялар көмірсутегі шикізатының үлкен қорының жинақталған жері болып табылады. Мамандардың алдын-ала жасаған болжамдары бойынша, теңіздің Қазақстан жағы бөлігі мен оған жалғасқан территориядағы ресурсы мұнаймен есептегенде 4,5 млрд тонна құрайды.

Соңғы уақыттағы БАҚ-ның хабарлауынша, Каспий теңізінің Қазақстан жағалауының солтүстік бөлігінен табылған Қашаған кеніші соңғы 20 жыл ішінде әлемде табылған кеніштердің ең байы болуы мүмкін. Бұл кеніштің қоры 8 млрд-тан 50 млрд баррель мұнайды құрауы мүмкін. Қазақстан жағалауындағы Теңіз гигантында 6-9 млрд баррель мұнай бар. Газ конденсатының қор көлемі – 1,6 млрд тонна, ал табиғи газ – 5,9 трлн куб метр құрауда.

Бұған дейін Каспий теңізінің мәртебесі РКФСР мен Иран арасындағы 1921 жылғы 26 ақпандағы және КСРО мен Иран арасындағы 1940 жылғы 25 наурыздағы келісімдер негізінде анықталған болатын. Осы келісім бойынша теңіз тек екі мемлекеттің меншігі ретінде қарастырылды.

Кеңес дәуірінде екі жақты қабылданған құжаттар бүгінгі күн талаптарына жауап бере алмағандықтан, заңды күші бар құжаттар бола алмайды. Сол себептен, құжаттар Каспий теңізінің жағалауында орналасқан мемлекеттер арасындағы қатынастарды толық көлемде өзара тиімді бақылай алмайды және бұған бірнеше себептер бар:

1. Жоғарыда аталған келісімдерде екі жақ ретінде РКФСР және КСРО мемлкеттері халықаралық құқық субьектісі ретінде танылмайды. Сондықтан, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін Каспий жағалауындағы мемлекеттер арасында жаңа келісім негізінде анықтап, бекіту қажет.

2. Аталған келісімдерде Каспий теңізінде бұрынғы одақ республикалары арасындағы шекараларға еш сілтеме жасалмаған, яғни кеңес заңдары бойынша шекара мәселелерін шешу тек орталық органның құзырында болды. Каспий теңізінде одақтас республикалар арасында шекара болмады, яғни КСРО-ға қараған теңіз бөлігі федералды болып, республикалардың ондай шекараны анықтауға құзыры болмады;

3. Көрсетілген келісімдерде тек сауда мәселелерін қадағалау туралы айтылған, бірақ Каспийдің толық көлемдегі құқықтық мәртебесі, соның ішінде теңіз түбі мен қойнауындағы ресурстарын пайдалану мәселесі анықталмаған.

Кеңес Одағы Каспий теңізінің мәртебесін «ішкі ресей суатынан» «ішкі кеңес-иран суаты» мәртебесіне ауыстыру керек деп, оны жоғарыда аталған келісім-шарттарды жасау барысында ұлтаралық өзендер мен теңіздері бөлудегі қалыптасқан тәртіп бойынша Каспий теңізіндегі арадағы шекараның өтуі жөнінде мәселе көтермеген. Бір қызығы, Иран тарапынан мұндай сұрақ туындамаған. Керісінше, екі тарап бірнеше рет Каспий ішінде шекараның жоқтығын мәлімдеген. Ол жөнінде 1976 жылы Иран СІМ-нің КСРО Елшілігіне жіберген нотасынан байқаймыз. Онда: «Иран мен КСРО арасында Каспий теңізінде шекара сызығы туралы еш бір келісім-шарт немесе орныққан тәртіп жоқ», – деп көрсетілген. Бірақ, соған қарамастан, екі тараптың арасында 1934 жылдан су және әуе бойынша Астара-Гасан-Кули сызығы жөніндегі екі жақ ұстанатын, құқықтық рәсімделмеген шартты теңіз шекарасы болды. Бірақ КСРО-ның 1982 жылғы «Мемлекеттік шекара туралы» Заңы бойынша, егер шекара сызығы өзендер мен басқа да суаттарда КСРО халықаралық шарттарымен анықталмаса, шекара сызығы оның құрлыққа шығатын екі нүктесімен түзу жүргізіледі деп көрсетілді. Бұдан КСРО-ның Иранның келісімінсіз Каспийді өзен мәртебесінде бөлгенін байқаймыз.

Айта кететін бір жәйт, Каспий жағалауындағы 1991 жылдан кейін пайда болған тәуелсіз мемлекеттердің осы мәселе бойынша көзқарастары әр түрлі, бірақ кейбір жерлерде олардың түйісетін жерлері бар.

Әзірбайжан Каспийді шекаралық көл деп танып, судың акваториясын, түбі мен қойнауын ұлттық секторларға бөлу қажет деген позиция ұстануда. Егер Каспий көл деп қарастырылатын болса, онда оның жағалауында орналасқан шекаралас елдердің құқығы халықаралық-құқықтық нормалармен анықталады, яғни бірнеше мемлекетпен қоршалған шекаралы өзендерге таралатын нормаларға сай жүргізіледі. Халықаралық заңдарға сай бірнеше мемлекеттің ортасында орналасқан көлдер олардың келісімі бойынша немесе мемлекеттік шекаралар негізінде және көлдің орталық нүктесінен өзара бөлісулері қажет. Мұндай жағдайда Каспийде кеме саудасында, балық аулау, сондай-ақ теңіздің басқа биоресурстарын сақтауда және тиімді пайдалануда қиындықтар туатыны анық. Бірақ Баку өзінің 10 мильдік аймағынан тыс ірі мұнай қорын иелену жолында әр түрлі шараларға баруда. Әзірбайжан КСРО-Иран келісімдерінде тек балық аулау мәселелері қарастырылған, ол бүгінгі күн талаптарына сай емес, сондықтан оның мәртебесін басқаша қарауымыз қажет деген уәж айтуда.

Ресей Каспий теңізі кондоминиум негізінде ортақ пайдаланыстағы теңіз болуы керек, яғни Каспийдің табиғи ресурстары теңіздің түбіндегі минералды ресурстарымен қоса, барлығына таралуы қажет дейді. Әр мемлекет жағалаудан 10-мильдік бөлікке ие болып, сол жерлерден теңіз түбіндегі минералды ресурстарды барлау мақсатында құқыққа ие болсын деген ұсыныс жасауда. Ал зонадан тыс орналасқан минералды ресурстарды пайдалануда бес мемлекеттің өкілдерінен тұратын комитет құрылып, соның құрамында болу қажет дегенді ұсынады. Сонымен қатар, Ресей Каспий теңізі тек жағалауда орналасқан мемлекеттердің жабық теңізі деген ұстанымдар ұсынып, оның мәртебесі толық анықталғанынша, бұрынғы кеңес-иран келісімін басшылыққа алу қажеттігін айтуда.

Бұл ұсыныстың басқа мемлекеттерге тиімсіз екенін айта кеткен жөн. Өйткені, бір мемлекеттің территориясына теңіз түбінің көп бөлігінің жақын болуы олардың тәуелсіздік құқығын бұзады және Каспийдің түбіндегі ресурстарды бақылау мен барлауға шетел инвестициясын тартуда қиындықтар туғызады, сонымен қатар кондоминиум идеясының әлемдік тәжірибесіне ешбір ұқсас жағдай болмағандықтан, бүгінгі таңда оны жүзеге асыру көптеген қиындықтар туғызбақ.

Түрікменстан 12-мильдік территориялық суға өз иелігін орнатты, бұл Ашхабаттың Қазақстан сияқты Каспийді тұйық теңіз ретінде қарастыратындығын көрсетеді. Сонымен қатар, Түрікменстан Ресейлік 45 мильдік зона орнату жөніндегі ұстанымына қосылуда.

Иран жағы Ресей позициясына жақын келетін Каспий ресурстарын көршілес мемлекеттердің ортақ байлығы ретінде санауды ұсынып отыр.

Қазақстан жағы Каспийдің ерекекшеліктерін ескере отырып, оны пайдалануда 1982 жылы БҰҰ Конвенциясының теңіз құқығы ережелерін Каспий теңізіне тарату позициясын ұстануда. Теңіз түбі мен ондағы ресурстарды барлық Каспий жағалауындағы мемлекеттер арасында халықаралық тәсіл және әлемдік тәжірибелер бойынша ортақ сызық негізінде делимитациялауды ұсынуда. Минералды ресурстарды игеру мен барлауды әр мемлекет өз еркінше өз зонасында айқындауға тиіс. Каспий теңізіндегі Қазақстанның мемлекеттік шекарасы Каспиймен шектесетін барлық мемлекеттердің шекаралары арасындағы ең ұзыны, ол 1700 шақырымнан артық. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты Қазақстан Республикасы ұстанымының негізгі аспектілеріне тоқталатын болсақ. жағалаудағы мемлекеттердің саяси және экономикалық мүдделерін тиімді түрде қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Каспийде аумақтық теңізді, балық аулау аймағын және ортақ су кеңістігін белгілеуді ұсынған болатын. Бұл аймақта тиісті режимдерді белгілеуге ерекше назар аудару орынды сияқты көрінеді. Аумақтық теңіздің сыртқы шекарасы мемлекеттік шекара болып табылуы тиіс, оның шегінде жағалаудағы мемлекеттер барлық егеменді құқықтарына толықтай ие болады. Бұл шекаралардың мызғымастығын және аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету тұрғысында қауіпсіздіктің қосымша кепілдіктерін алуға мүмкіндік береді.

2004 жылы қазақстандық жақ Каспий теңізіндегі қару-жараққа бақылау жасаудың бесжақты тетігін құру, қару-жарақтың тұрақты тепе-теңдігін орнату және олардың шектерін белгілеу туралы бастама көтерді. Мұндай шаралар жанжалдардың алдын алудың және мемлекеттердің бейбіт ынтымақтастығын дамытудың анағұрлым сенімді құралдардың бірі болуда.

Қазақстан барлық көлік құралдарымен транзит еркіндігіне арналған Каспий жағалауы мемлекеттерінің құрлық ішіндегі құқығын және бірқатар әмбебап халықаралық шарттарда бекітілгеніндей, басқа да теңіздер мен Әлемдік мұхитқа жол ашуды Конвенцияда қадап айту қажет деп санайды. Экологиялық қауіпсіздікке сәйкестігін байқап көру үшін теңіз түбі бойынша құбыр желілерін төсеуге Каспий жағалауындағы барлық мемлекеттердің сараптама жүргізуі, мүдделі тараптардың экономикалық жобаларын дамытуға кедергі келтіретін күрделі әрі ұзақ процес болып табылады. Учаскелері арқылы құбыр желілері өтетін елдермен құбыр желілерін төсеудің талаптары мен бағытын келісу анағұрлым оңтайлы нұсқа деген көзқараста.

Қазақстанның пікірі бойынша, Каспий теңізінің байлығын анықтауда Каспий мемлекеттерінің мұнай комиссиялары қазіргі күнгі консорциумдарға тиіспеуі керек. Екі немесе бірнеше зона арасындағы кеніштерді игеру барысында мемлекеттер арасында тиісті өнімді бөлісу жөнінде келісімдер қажет. Каспийдің мүмкіндіктері жөнінде, соның ішінде кеме жүзу, балық аулау, қоршаған ортаны қорғау мәселелесінде қарым-қатынас жасау жолында Қазақстан кез келген келісімге, оның ішінде кондоминиумға да дайын екендігін жариялады.

Сонымен қатар, әр мемлекеттің келісілген көлденең территориялық сулары болуы қажет, яғни олардың балық аулау зонасы сол ұлттың құқығында болуы қажет. Теңіздің қалған бөлігі мемлекеттер арасындағы кеме қатынастары жүру үшін ашық болуы қажет.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның қазақстандық жобасында минералды байлықтарды игеру тәжірибесі мен халықаралық өлшемдер пайдаланылып қана қоймай, КСРО мен Иран арасындағы Каспий түбінің байлықтарын пайдалану тәжірибесі жұмыстары келтірілген.

Каспий мемлекеттері алдында күн тәртібінде кезек күттірмес мәселе, Каспий теңізінің түбін делимитациялау барысында ортақ шешімге келу және маңызды мәселелерге байланысты көзқарастарын барынша жақындату болып отыр. Каспий теңізінің тағдыры – оның жағалауында орналасқан мемлекеттер шешетін мәселе, сондықтан бұл жерде мемлекеттер келісім негізінде бір-бірінің және ортақ мүддені ескере отырып, мәселені шешулері қажет. Ол тек келісім негізінде барлық 5 мемлекеттің арасында шешілуі мүмкін.

СЕЙДІН Н.Б.

“ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАСЫ: ҚАЛЫПТАСУЫ, МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ АЙҚЫНДАЛУ БАРЫСЫ”

3 жауап

  1. Қазіргі кезге дейін мұнай қорының қаншасы қалды екен?

  2. Негізі Каспий теңізінен мұнай өндіру 1820 жылы басталған деседі. Қанша қалғандығы туралы мақаланың жалғасында жарық көреді…

  3. Kaspi tenizi ishki jane sirtki shekara ga bolinu jain da derek kozderi barma?

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: